Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен ел Парламентінің делегациясы қатысып жатқан Парламент төрағаларының Бүкіләлемдік үшінші конференциясының жұмысы жалғасуда

АСТАНА. Шілденің 20-сы. ҚазАқпарат. Женева қаласында Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен ел Парламентінің делегациясы қатысып жатқан Парламент төрағаларының Бүкіләлемдік үшінші конференциясының жұмысы жалғасуда.

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен ел Парламентінің делегациясы қатысып жатқан Парламент төрағаларының Бүкіләлемдік үшінші конференциясының жұмысы жалғасуда
Бүгін алқалы жиынға қатысушылар назарына ұлттық парламенттердің халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастығын дамыту және одан әрі жетілдіру, Парламентаралық Одақ арқылы БҰҰ өзара іс-қимылдарды қамтамасыз ету мәселелерін талқылау ұсынылып отыр. Қазақстандық парламентшілер «2015 жылға барар жол: БҰҰ Мыңжылдық Декларациясындағы Мақсаттардың даму саласына қатысты біздің ұжымдық міндеттемелерімізді орындау» атты тақырып бойынша өткен дискуссияға белсенді түрде қатысты. Оның барысында парламенттер мен әлемдік қауымдастықтағы халықтар арасындағы сенімді нығайтуға қатысты келелі мәселелер төңірегінде ашық пікір алмасулар болды.
Конференция аясында қазақстандық делегация басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
Беларусь Ұлттық Жиналысы Республика Кеңесінің Төрағасы Анатолий Рубиновпен және Өкілдер палатасының Төрағасы Владимир Андрейченкомен болған кездесулер барысында көпжақты қазақстан-беларусь ынтымақтастығын одан әрі дамытудың келешегі, Кеден Одағының құқықтық базасын жетілдіру мәселелері мен екі мемлекет парламенттері арасындағы байланыстарды нығайту жолдары талқыланды.
«Кеден Одағының құрылуы мен оның негізінде Ортақ экономикалық кеңістікті қалыптастыру интеграциялық қадамдардың нақты іс жүзіндегі сапалы көрінісі және бұл қадамдар Беларусьпен барлық салалардағы ынтымақтастығымызды одан әрі жылжытудағы біздің мүдделілігімізді білдіреді»,- деді Қ.Тоқаев.
Иран Меджлисінің Төрағасы Али Лариджанимен болған кездесу барысында тараптар екіжақты қатынастардың даму қарқынын қанағаттанарлықпен бағалап, алдағы уақытта көптеген салалардағы өзара іс-қимылдарды кеңейту жолындағы ортақ ұмтылыстарды атап өтті. Парламентаралық диалог пен мәдени-гуманитарлық байланыстар аймақтағы ынтымақтастықты және тату көршілік ахуалын нығайту жолындағы маңызды факторлар болып табылады.
Төраға Қазақстан иран тарапының Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі мен басқа да қазақстандық іргелі бастамаларға көрсеткен нақты қолдауларын жоғары бағалайтындығын атап өтіп, өз әріптесін біздің елімізге ресми сапармен келуге шақырды.
Әзірбайжан Милли Меджлисінің Төрағасы Октай Сабыр Оглы Асадовпен болған кездесуде халықаралық және аймақтық өзекті мәселелер мен өзара тиімді энергетикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша мүдделі пікір алмасу болып өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев әзірбайжан тарапына Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасы бойынша құрылған Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясын дамыту жолына қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.
Хорватия Парламентінің Төрағасы Лука Бебич пен Нидерланды Сенатының Төрағасы Рене Вандерлинденмен болған кездесулер барысында парламентаралық байланыстарды нығайту және екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
Кездесулерге сенатор Орынбай Рахманбердиев пен Мәжіліс депутаты Бағила Баймағамбетова қатысты.