Сенат жалпы сипаттағы трансферттерге қатысты құжатты Мәжіліске қайтарды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2026 – 2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» Заңы қаралды. Сенат құжаттың жекелеген баптарын жаңа редакцияда ұсынып, оны Мәжіліске қайтарды.

Сенат РК
Фото: ҚР Парламенті Сенаты

Өңірлердің республикалық бюджет қаражатына тәуелділігі төмендейді

— Жалпы сипаттағы трансферттерді айқындау үшін жергілікті бюджеттердің кірістері 2026 жылы 10,7 трлн теңге, 2027 жылы 12,1 трлн теңге, 2028 жылы 13,3 трлн теңге мөлшерінде болжанды. Шығыс 2026 жылы 14,9 трлн теңге, 2027 жылы 17,3 трлн теңге және 2028 жылы 18,7 трлн теңге болды. Жалпы сипаттағы трансферттердің көлемін айқындау кезінде нысаналы мақсатын сақтайтын ағымдағы нысаналы трансферттер ескерілді, — деді Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.

Оның айтуынша, агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға арналған шығыстар, суарудың су үнемдейтін технологияларын енгізуге арналған қаражат, жаңадан іске қосылатын объектілерді күтіп-ұстауға арналған шығыстар және басқалары 2026 жылға –1,5 трлн теңге, 2027 жылға — 1,6 трлн теңге, 2028 жылға — 1,7 трлн теңге көлемінде қосымша ескерілді. 2026 жылға арналған субвенциялар 5,2 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр.

Сонымен қатар ол 2028 жылы Павлодар облысы өзін-өзі қамтамасыз ететінін, ал Маңғыстау облысы қайтадан донор болатынын атап өтті.

- Біздің бағалауымызша, жергілікті бюджеттердің республикалық бюджет қаражатына тәуелділігі орта есеппен 50,7%-дан 33%-ға дейін төмендейді. Өңірлердің базалық инфрақұрылымға тең қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін даму бюджеті бойынша өңірлердің нысаналы көрсеткіштерінің мәндерін есептеу Өңірлік стандарттар жүйесінің нәтижелері ескеріліп жүзеге асырылатын болады. Бұл үшін даму бюджеті жыл сайын ұлғаяды: 2026 жылы 1,8 трлн теңге, 2027 жылы 3,2 трлн теңге және 2028 жылы 4,1 трлн теңге. Үш жылда барлығы 9,1 трлн теңге. Даму бюджетіне салынған қаражатты ескерсек, өңірлік стандарттар жүйесін қамтамасыз ету көрсеткіші 69,2%-ды құрайтын болады, — деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, 2026 жылы қаражат басталған жобаларды аяқтауға, ал одан кейінгі жылдары жаңа жобаларды іске асыруға бағытталады. Арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен әлеуметтік сала объектілері қаржыландырылады. Экономиканың нақты секторын дамыту үшін «Бәйтерек» АҚ-ны шамамен 8 трлн теңгеге капиталдандыру көзделеді. Инфрақұрылымдық жобаларға автомобиль және темір жолдарды салу мен реконструкциялауға мемлекеттік кепілдіктердің көлемін ұлғайту жоспарланған. Барлық осы тетіктер бойынша жобалар өңірлерде іске асырылып, дамудың жиынтық бюджетін ұлғайтатын болады.

Сенаттың ескертуі

Заңды мақұлдау әртүрлі экономикалық әлеуеті бар өңірлердің қаржылық мүмкіндіктері арасындағы теңсіздікті жоюға ықпал ететін болады. Бұл өз кезегінде тұрғылықты өңіріне қарамастан, халықтың мемлекет кепілдік берген қызметтердің тең деңгейіне қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

- Сенатта қызу талқыланған мәселелердің бірі – ол жергілікті бюджеттердің кірістерінің алдымыздағы үш жылда 10,7 трлн теңгеден 13,3 трлн теңгеге дейін айтарлықтай өсуі. Өсім факторларының бірі – өңірлердің салық әлеуетін есепке алуына байланысты болып, талқылауда көптеген сұрақтар туындады. Өңірлер оның тым асыра есептелгенін айтса, ал сараптамалық тұрғыдан оның өте қарапайым есептелгені байқалды. Бұл тұрғыда салық бойынша әлеует тек алдыңғы кезеңдердің деректеріне ғана емес, сонымен бірге ол Өңірлерді дамыту жоспарларының басым бағыттарымен бірге ескере отырып есептелуі керек екені айқындалды, - деді сенатор Сұлтанбек Мәкежанов.

Оның айтуынша, заңды Сенат комитеттері мен депутаттарының ескертулері мен ұсыныстарын ескере отырып талқылау барысында Мәжіліс қабылдаған Заңға басталған және жалғасып жатқан жобаларды аяқтау үшін жалпы сипаттағы трансферттерде елді мекендердегі әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамытуға арналған шығындардың 17,5 млрд теңгеге ұлғаюына қатысты өзгерістер енгізу қажеттілігі туындады.

- Барлық ескертулер мен ұсыныстар салыстырма кестеге жинақталды. Осы орайда Сенаттың Қаржы және бюджет комитеті Қазақстан Республикасы Конституциясы 61-бабының 4-тармағына сәйкес, аталған заңның жекелеген баптарын мақұлдамауды және заңның көрсетілген баптарының жаңа редакциясын ұсына отырып, оны Мәжіліске қайтаруды ұсынады, - деді депутат.

Талқылау барысында сенаторлар бұл ұсынысты қолдап, құжатты Мәжіліске қайтару жөнінде шешім қабылдады.

Еске салсақ, биыл қазан айында Мәжілісте Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин елдің 2026 — 2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырды. 

Соңғы жаңалықтар