Сенатор ауыл халқының басты проблемаларын атады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сенаттың «Өңір» депутаттық тобының отырысында сенатор Арман Өтеғұлов ауыл халқының басты проблемаларын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың 26 қарашасында ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде «Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтпаған. Сондықтан ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын», деп қадап атап өткен болатын. Елімізде 2003-2005 жылдары аралығы «Ауыл жылы» болып жарияланып, едәуір жұмыстар атқарылғаны белгілі. Президент тапсырмасын іске асыру үшін «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» дайындалдын. 2023 жылғы 28 наурыздағы ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілді. Онда ауылдық аумақтарды дамыту, ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын жақсарту және жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру мақсатын көздейді, - деді депутат.
Сенатор ұсынған статистикалық мәліметтерге сәйкес, қазіргі уақытта республикада 6 295 ауылдық елді мекен бар. Онда ел халқының 38,2 пайызы, яғни 7,5 млн адам тұрып жатыр.
«Көріп жүргеніміздей, ауылда проблемалар шаш-етектен. Ауылдан қалаға көшушілер саны артпаса, кеміген жоқ. Ауылдық мектептерде білім алушылар контингенті төмендеу үстінде. Ал халық тығыз орналасқан ауылдарда оқушы орындарының тапшылығы жыл санап өсуде. Бұл жерде ауылдық жерлердегі білім сапасына бөлек тоқтау керек деп ойлаймын. 2022 жылдың 1 қаңтарындағы деректер бойынша, елімізде 137 үш ауысымды мектептің 60 пайызы ауылдық жерлерде орналасқан. Және де 26 авариялық мектеп әлі бар», - деді ол.
Арман Өтеғұлов сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету проблемасы да өткір тұрғанына баса назар аудартты. Демалыс орындарының, мәдениет және спорт объектілерінің жоқтығы, медициналық қызметтерге қолжетімділіктің сын көтермейтіндігі баршаға аян екендігін де атап өтті.
«Ауылдық аумақтарға әлеуметтік-экономикалық мониторинг деректері бойынша 2022 жылдың басында ауылдық жерлердегі алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысандарының саны 5 195 бірлікті құрады. Бұл ретте 2 731 ауылда медициналық объектілер бейімделген үй-жайларда орналасқан және 2 292 ауылда медициналық объектілердің салынғанына 40 жылдан асқан. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында 655 медициналық нысан ғана салу жоспарлануда. Сонда 3 жылдың ішінде 655 нысан ғана салатын болсақ, қалған медициналық нысандардың жағдай қандай болмақ? Жоғарыда аталған Тұжырымдамада ауылдық аумақтардың географиялық ерекшеліктері мен артықшылықтарына көңіл аударылған және жаңа мектептер мен медициналық нысандар салу, тиісті дәрежеде сумен және электрмен қамтамасыз ету, ауыл жолдарының сапасын жақсарту, кітапхана, клуб, музей және кинотеатр, спорт ғимараттары сияқты мәдени нысандар салу арқылы жайлы ауылдық ортаны құру көзделіп отыр», - деді сенатор.