Сенатор еліміздегі сауда орталықтарында күзетті күшейтуге шақырды

АСТАНА. KAZINFORM – Сенатор Бибигүл Жексенбай өзінің депутаттық сауалында адам көп жиналатын орындарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі туралы айтты.

трц
Фото: Pixabay

Депутаттың айтуынша, Қазақстанда 7,9 млн шаршы метр сауда алаңы бар, бірақ олардың бестен бір бөлігі ғана сапа мен қауіпсіздік өлшеміне сай келеді.

Сауда әрі ойын-сауық орталығындағы балалардың ойын бөлмесі екінші қабаттан жоғары емес және эвакуациялық есіктен 20 метрден қашық болмауы тиіс.

Бірақ көптеген сауда орталығында балалардың ойын алаңдары жоғарғы қабатта орналасқан, эвакуация жолы да қарастырылмаған.

Эвакуация баспалдағында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандус жоқ.

Сауда орталықтарында бір қабатта ондаған тамақтану орындары орналасқан, бұл тамақ пісіретін қуаты жоғары техниканы қолдану салдарынан өрт қаупін арттырады.

«2023 жылы өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзудың 13 978 дерегі тіркелген. Өрт қауіпсіздігін өрескел бұзу фактілері мен құлыпталған немесе тіпті шынжырмен бекітілген апаттық шығу жолдары, жарамдылық мерзімі өткен өрт сөндіргіштер, дабыл және өрт сөндіру жүйелерінің бұзылуы сияқты фактілер анықталған. Осының бәрі бірыңғай заң талабының орындалмауынан болған. Сауда орталықтары ғимараттың техникалық жүйесін арнайы алгоритм бойынша басқаруға қабілетті жоғары технологиялық өрт дабылының жүйесімен жабдықталуы тиіс. Бұл барлық адамдарды белгілі бір уақытта өрттің қаупінен қорғауға және сол арқылы қауіпсіз эвакуациялауға мүмкіндік береді», - деді Бибигүл Жексенбай Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың атына жолдаған сауалында.

Сонымен қатар сенатор елімізде өтетін ірі шараларда жұртшылықты қорғау мәселесіне тоқталды. Ірі спорттық шаралардың қауіпсіздігі аясында шетелдік және отандық тәжірибені ескеруді, қауіптердің алдын алу үшін кешенді ұйымдастыруға қолдау жасауды талап етеді.

«Сауда әрі ойын-сауық орталығындағы кіреберіс пен адам көп жиналатын жерлерде күзетті күшейтудің, сондай-ақ эвакуацияны қамтамасыз ету жүйесінің жұмысын қосымша тестілеу және жаттығу эвакуациясы мен ауызша хабарлаудың маңызына назар аударуыңызды сұраймын. Сондай-ақ, жазғы демалыс алдында мектептерде және жоғары оқу орындарында оқушылардың қатысуымен қоғамдық қауіпсіздік бойынша арнайы оқу-жаттығу өткізу қажет», - деді депутат.

Соңғы жаңалықтар