Сенатор Қ. Айтаханов оңтүстік өңірдегі бірқатар аудандарда болып, сайлаушылармен кездесті
АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат - Елбасы - ҚР Президентінің «Қазақстан -2050» стратегиясы-қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын түсіндіру мақсатында өңірлерге аттанған Парламент депутаттарының жұртшылықпен кездесулері жалғасуда. Осы сапар аясында Оңтүстік Қазақстан облысында жүрген Сенат депутаты Қуаныш Айтаханов Ордабасы, Қазығұрт, Төле би, Сарыағаш аудандарында болып, сайлаушылармен кездесті. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметінен хабарланды.
Жүздесу барысында жергілікті қоғам өкілдерімен бірге Елбасы Жолдауының негізгі бағыттары талқыланды. Өз кезегінде депутат ана мен баланы қорғау, білім мен денсаулық сақтау салаларының сапасын арттыру бағытындағы мемлекет тарапынан атқарылып жатқан шараларға, сонымен бірге алдағы айқындалған жоспарларға тоқталып өтті. Сондай-ақ, Қ.Айтаханов агроөнеркәсіп кешенін нығайту, қазақстандық ауыл шаруашылығы тауарларының әлемдік бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселесіне қатысты атқарылып жатқан шараларға тоқталып, ауыл кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаның ерекшеліктері туралы әңгімелеп берді.
Ал облыс орталығында сенатор жергілікті атқарушы биліктің өкілдерімен, қоғамдық ұйымдармен кездесіп, Парламенттің заң шығармашылығы жайында әңгіме өрбітті. «Бұндай кездесулер әсіресе Елбасы айқындаған «Қазақстан-2050» стратегиясындағы міндеттерді жүзеге асыру бағытында, сондай-ақ заңнамаларды одан әрі жетілдіру жұмыстарына зор пайда тигізеді», - деді сенатор.