Сенатор Светлана Жалмағамбетова Ақмола облысындағы аудандарда болды

АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат - Елбасы - ҚР Президентінің «Қазақстан -2050» стратегиясы-қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын түсіндіру мақсатында Ақмола облысына сапары барысында сенатор Светлана Жалмағамбетова жергілікті өкілді және атқарушы биліктің активімен кездесті. Сонымен қатар, Сенат депутаты Ақкөл, Аршалы, Жарқайың, Есіл, Бурабай, Астрахан, Бұланды аудандарындағы еңбек ұжымдарымен және жұртшылықпен жүздесті.

Сенатор Светлана Жалмағамбетова Ақмола облысындағы аудандарда болды

Депутаттардың сайлаушылармен кездесулерінің басты тақырыбы «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауының негізгі ережелерін түсіндіру және саяси, экономикалық және әлеуметтік жаңғырту, Қазақстанның тұрақтылығын сақтау мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді жүзеге асыру мәселелерін талқылауға арналды. Бұдан бөлек, сайлаушылармен болған кездесуде аймақтарды дамыту, шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау, еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламаларына назар аударылды.

Ұлттық Ішкі жалпы өніміндегі ауыл шаруашылығының үлесін бес есе ұлғайтуды көздейтін Агроөнеркәсіп кешенін дамыту стратегиясына қатысты сенатор жаңа технологияларды енгізу, мал шаруашылығында азықтандыру базасын құру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласындағы шағын және орта бизнесті өркендету қажеттігін атап өтті. «Осы талаптарды ескере отырып, 2013 жылы ауыл шаруашылығын 2020 жылға дейін дамытуды көздейтін жаңа бағдарлама қабылдап, ауыл шаруашылығы өндірісі саласындағы заңнамалық базаны жетілдіру қажет», - деді ол.