Сенатор жергілікті жолдардың сапасына қатысты проблеманы атады
АСТАНА. KAZINFORM – Жергілікті жолдардың барлық учаскесіне диагностика мен паспорттау жүргізу қажет. Бұл туралы Сенатта жолдардың мәселесін талқылауға арналған Үкімет сағатында сенатор Әлібек Нәутиев мәлім етті.

- Халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы шамамен 25 мың км, ал жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 70 мың шақырым. Көлік министрлігінің деректеріне сүйенсек, республикалық және жергілікті маңызы бар жолдардың нормативтік жай-күйінің көрсеткіштері біркелкі жақсы деңгейде. Біріншіден, мемлекеттік жоспарлаудың жеткіліксіздігіне тоқталсақ, бұл мәселе жергілікті маңызы бар жолдарға қатысты. Көлік министрлігінің мәліметінше, жергілікті жолдардың 89%-ы нормативтік деңгейге сай. Дегенмен бұл көрсеткіш, халықтың шағымдарын ескере отырып, белгілі бір күмән тудырады. Жолдарды жөндеуге барлық өңір үшін бірыңғай тәсілдердің қолданатынына қарамастан, облыстар бөлінісінде жолдардың жай-күйінде айтарлықтай алшақтық байқалады. Мысалы, егер Жамбыл облысында жолдардың 99% нормативтік жағдайда болса, Батыс Қазақстан облысында бұл көрсеткіш 2 есе төмен және тек 56%, - деді Ә.Нәутиев.
Оның пайымынша, қолданыстағы нақты жағдайды анықтау және жөндеу жұмыстарын қаржыландырудың оңтайлы тетігін әзірлеу үшін жергілікті жолдардың барлық учаскесіне диагностика мен паспорттау жүргізу қажет. Мұндай диагностиканың қорытындысы бойынша ең проблемалы учаскелер анықталады, анықталған ақаулардың сипатына сай жөндеу түрлері, сондай-ақ қызмет ету мерзімін болжау айқындалады. Өңірлер бөлінісінде барлық деңгейдегі автомобиль жолдарының жай-күйінің сенімді деректері бар бірыңғай базасы болуы тиіс.
- Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті 2023 жылы өңірлерді дамыту жөніндегі Парламенттік тыңдаудың қорытындысы бойынша Үкіметке аталған паспорттауды жүргізуді ұсынған болатын. Алайда, қазіргі кезде диагностика тек республикалық маңызы бар автожолдарда толық көлемде жүргізіледі. Ал жергілікті маңызы бар жолдар мәселесі әлі де өзекті. Мұндай жұмыстар толық атқарылса, бұл жолдардың ағымдағы жағдайын анықтау және жөндеу жұмыстарын қаржыландырудың оңтайлы механизмін әзірлеу үшін маңызды. Бұл ретте, мұндай механизм өңірлердің талап етілетін қажеттіліктеріне сай болуы керек және әкімдердің «беделіне» немесе қандай да бір жеке қалауына, сондай-ақ басқа да субъективті факторларға байланысты болмауы тиіс, - деді депутат.
Бұған дейін СҚО-да республикалық маңызы бар «Жезқазған — Петропавл» тас жолы жөнделіп жатқанын жазған едік.