Сенаторлар аэронавигация жүйесін дамыту мәселесін талқылады
АСТАНА. KAZINFORM — Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары Қазаэронавигацияда болып, ұшақтардың әуе және жердегі қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ кәсіпорынның халықаралық қызметі туралы мәселелерді талқылады. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.
Сенаторлар Астана қаласының Әуе қозғалысын ұйымдастыру орталығының, Бас жоспарлау орталығы және ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ететін нысандардың жұмысымен танысты. Парламентшілерге әуе қозғалысын басқару ісі және нақты уақыт кезінде ұшу мониторингінің қалай жүргізілетіні көрсетілді.
Сенатор Бибигүл Жексенбай халықаралық байланыстарды нығайтуда және елдің транзиттік әлеуетін дамытудағы ұлттық аэронавигация жүйесінің рөлі маңызды екенін атап өтті.
— Ұлттық аэронавигация жүйесі ұшудың қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар Қазақстанның халықаралық байланыстарды, транзиттік дәліздерді дамытуға және жаһандық көлік желісіне интеграциялануға бағытталған сыртқы саяси бағытын іске асыруға зор үлес қосады, — деді Бибигүл Жексенбай.
«Қазаэронавигация» РМК өкілі кәсіпорынның аэронавигация қызметі ұлттық провайдер функциясын орындайтынын атап өтті. Қазақстанның аэронавигация жүйесі Халықаралық азаматтық авиация ұйымының стандарттарына сәйкестік деңгейі 93,94%, бұл әлемдік орташа көрсеткіштен 27%-ға жоғары.
Парламентшілер өзекті міндеттерді шешуге, оның ішінде заңнаманы жетілдіруге және ұшу қауіпсіздігі деңгейін арттыруға, сондай-ақ еліміздің әуе кеңістігін шетелдік авиакомпанияларға тартымды етуге бағытталған бағдарламаларды дамытуға жәрдемдесуге дайын екендіктерін білдірді.
Айта кетелік Қазақстанның авиациялық қауіпсіздік бойынша ИКАО стандартына сәйкестігі 95,7%-ға жетті.