Сенаторлар жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған заңды қарайды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысы өтеді. Онда депутаттар екі халықаралық құжатты қарап, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған заңды пысықтайды.

Сенат РК
Фото: senate.parlam.kz

Отырыс барысында алдымен Жоғарғы соттың судьясын лауазымынан босату туралы мәселе күн тәртібіне шығарылады. Одан кейін сенаторлар «Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның 50 а)-бабын өзгертуге қатысты хаттаманы және Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның 56-бабын өзгертуге қатысты хаттаманы ратификациялау туралы» Заңды қарайды. 

Бұл заңды Мәжіліс осы жылдың 1 қаңтарында қабылдаған еді. Сол кезде Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев аталған құжат Қазақстан Республикасының Халықаралық Азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) органдарының құрамында өкілдігі туралы мәселені ілгерілетуге, сондай-ақ Республиканың халықаралық аренадағы имиджін жақсарту үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталғанын айтты. 

- Осы өзгерістер арқылы Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) кеңестің құрамын 36-дан 40 мемлекетке дейін және Аэронавигациялық комиссияның құрамын 19-дан 21 мүшеге дейін арттырады. ИКАО Кеңесі — бұл ИКАО Ассамблеясымен 3 жыл мерзімге сайлайтын атқарушы орган. Ол халықаралық стандарттарды бекітеді, ИКАО-ның қазіргі қызметіне басшылық жасайды, мемлекеттер арасындағы дауларды қарайды және Ассамблея шешімдерінің орындалуын бақылайды. Аэронавигациялық комиссия — бұл ұшу қауіпсіздігі, әуе қозғалысын ұйымдастыру жауапты техникалық орган. Бұл ИКАО-ның органдарының мүшелерінің саны 30 жылдан астам өзгермеген. Осы уақытта ИКАО-ға кірген мемлекеттердің саны 160-тан 193 -ке дейін көтерілді. Осыған байланысты ИКАО мүшелері өз мемлекеттерінде ратификацияны өткізу керек, - деген еді министр.

Сенаторлар қарайтын келесі Заң -«Бір тараптан Қазақстан Республикасының Үкіметі және екінші тараптан Халықаралық қайта құру және даму банкі, Халықаралық қаржы корпорациясы мен Инвестициялар кепілдігінің көпжақты агенттігі арасындағы Қазақстан Республикасының орнықты дамуына және өркендеуіне жәрдемдесу мақсатында ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі әріптестік туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы».

Бұл заңды Мәжілісте таныстыру барысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин келісім күшіне енгеннен кейін бірқатар инфрақұрылымдық жоба бойынша жұмыс басталатын айтқан болатын.

Олар:

- «Жезқазған-Қарағанды» және «Бейнеу-Сексеуіл» автожолдарын қайта жаңарту және салу;
- Қазақстандағы теміржол қатынасы мен көлік байланысын трансформациялау жобасын іске асыру;

- Қамбарата ГЭС-1-ді салу және басқа жобалар.

— Ұзақ мерзімді жоспарда келісім аясында Дүниежүзілік банктің жобаларын іске асыру ЖІӨ-нің өсуіне, жұмыс орындарын құруға, жеке сектор мен ШОБ-ты дамытуға, инновацияларды ынталандыруға, инвестициялық ахуалды жақсартуға жәрдем көрсетеді. Айта кетерлігі, 2020 жылы Қазақстан Үкіметі мен Азия Даму банкі арасында ұқсас келісім ратификацияланған болатын. Жалпы, келісімді ратификациялау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды, сондай-ақ республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлуді талап етпейді, — деді Серік Жұманғарин.

Сонымен қатар сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды талқылайды.

Осы жылдың 11 наурызында Мәжіліс қабылдаған аталған Заң жұмысшылардың құқықтарын қорғау бөлігінде Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру мақсатында әзірленген және еңбекті қорғауды басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған.

— Заңда Келісу комиссиясының қызметіне делдалды тартуға, ұжымдық шартта жалақының ең жоғары және ең төменгі мөлшері арасындағы жол берілетін арақатынас туралы ережені белгілеуге қатысты, сондай-ақ «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне өндірістік жарақаттың ауырлық дәрежесін айқындау қағидаларын бекіту бойынша құзыреттер енгізілді, — деді депутат Ерлан Саиров.

Құжат бойынша жұмыс барысында депутаттармен келесі түзетулер енгізілді:

- ұжымдық келісімшартқа жұмысқа байланысты апаттар жағдайларын қоса алғанда, жәрдемақы және өтемақылар төлеу тәртібі туралы норма енгізілді;

— еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау маманы ұйымның бірінші басшысына тікелей бағыныштылығы белгіленіп, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге жауапкершілік басшыға жүктелуі айқындалды.

Айта кетейік, өткен аптадағы Сенаттың жалпы отырысында депутаттар «Түркі мемлекеттері ұйымының Азаматтық қорғау тетігін құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды мақұлдады

Түркі мемлекеттері ұйымының Азаматтық қорғау тетігін құру туралы келісімге (ТМҰАҚТ) Бішкек қаласында 2024 жылғы 6 қарашада мүше мемлекеттер мен байқаушы мемлекеттердің, сондай-ақ басқа да мемлекеттердің аумағында туындауы мүмкін дүлей зілзалалар мен төтенше жағдайларға ден қоюдың бірлескен тетігін құру мақсатында қол қойылды.

Ұйымның әкімшілік құрылымына Министрлер кеңесі (жоғары орган) және штаб-пәтері Ыстанбұл қаласында (Түркия Республикасы) орналасатын Хатшылық кіреді. Бас хатшыны Министрлер кеңесі ротациялық негізде үш жыл мерзімге тағайындайды. Әрбір тарап өзара іс-қимыл жасау үшін құзыретті орган тағайындайды, Қазақстан Республикасынан осындай орган болып Төтенше жағдайлар министрлігі айқындалған.

Сондай-ақ тараптардың қаржылық міндеттемелері көзделеді: ТМҰАҚТ -ның жыл сайынғы міндетті төлемдерден тұратын өз бюджеті бар. Жеке халықаралық бюджет шарты күшіне енгенге дейін әр тарап үшін жыл сайынғы символдық міндетті төлем 50 000 долларды құрайды. Бұл ретте төлемдердің жалпы сомасынан асатын шығыстарды Келісім күшіне енген күннен бастап алғашқы екі жыл бойы Түркия Республикасы жабады.