Сенатта Үкімет есебі тыңдалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Сенатының жалпы отырысында дауысқа салынған төрт заң жобасының үшеуі қабылданып, біреуі Мәжіліске қайта жіберілді. Отырыста қызу талқыға түскен мәселе - "Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2016 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері жөніндегі" құжат болды.

Сенатта Үкімет есебі тыңдалды

«Есепті жылы бюджет кі­ріс­терінің көлемі ұлғайып, көрсеткіш 109,1 пайызға артығымен орындалды. Шығыстар 98,3 пайыз игеріліп, 8 трлн 501 млрд тең­геге атқарылды. Ал әлеуметтік салаға 4 трлн теңгеге жуық қара­жат бөлінген болса, бұл жалпы шығыстардың жартысы. Олар­дың ішкі жалпы өнімдегі үлесі был­тырғы жылы 7,2 пайызға жетті. Сол сияқты бюджет тапшылығы 741 млрд теңгені құрады. Бұл жос­пардан 161 млрд теңгеге төмен»,  деді Үкімет атынан 2016 жыл­ғы республикалық бюджеттің ат­қарылуы туралы есепті таныс­тыр­ған Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.

Оның айтуынша, 2016 жылғы бюджеттің атқарылуының басты сипаттары - сыртқы теріс факторлар мен экономикамыздағы қиыншылықтарға қарамастан, әлеуметтік және экономикалық өсуге қолайлы жағдайлар жасау болып табылады. Ал бұл мақсаттар «Нұрлы жол» және басқа да мемлекеттік  бағдарламалардың, дағдарысқа қарсы қосымша жедел шаралардың орындалуының ар­қасында іске асқан. Сол себептен де алдағы уақытта шығыс­тар­ды қаржыландырудағы кепіл­ден­дірілген трансферттің үлесі 2020 жылы біртіндеп 2 трлн теңгеге дейін азаятын болады.

Сондай-ақ, министр өз баян­дамасында салықтық әкімші­лендіруді жақсарту барысында екі маңызды мәселені шешу қажеттігін атады. Оның бір қыры - бизнеске қолайлы жағдай туғызу болса, екіншісі - мемлекеттік бюд­жет кірістерін ұлғайту. Көрші елдермен де кедендік ста­тис­ти­каның алшақтығын жою мақ­сатында жұмыстар жүрг­ізілуде. Сонымен қатар, импорт­тық тауарлардың барлық түрле­ріне таңбалауды енгізу ісі де іл­герілеуде.

Бүгінде осы мәселе туралы жаңа келісімнің жобасы Еуразиялық экономикалық ко­миссиясында талқылануда, таң­балауға жататын тауарлардың тізімі комиссияның кеңесімен бекі­тіледі деп күтілуде. «Бұдан басқа, Қылмыстық кодекске ізгілендіру  аясында тиіс­ті өзгерістер дайындалды. Бұл өзгерістер мемлекет мүддесін қор­ғай отырып, экономика саласын қылмыстан арылтуға бағытталған. Салықтық бақылауда да бизнес­тің іс-әрекетіне аралас­пау прин­ци­пін қолданатын боламыз. Осы айтылған шаралар бюджет кіріс­терінің өсуіне, көлеңкелі эко­но­ми­каның азаюына, салық әкім­шілендірудің жақсаруына кө­мектеседі деп сенеміз», деді Б.Сұл­танов.

Есепті талқылау барысын­да бюджет қаражатының игерілмеу сапа­сының өсуі, тиімсіз пайдалануы да сөз болды. Айталық, өткен жылы 268 млрд теңге шама­сындағы қаражат тиімсіз жұмсал­ған. Бұл 2015 жылмен салыс­тыр­ғанда екі есеге аз. Сондықтан да бюджет шығыстарының тиім­ділігін түбегейлі арттыру үшін біраз жұмыстар атқару жоспарла­нып жатқан көрінеді. Біріншіден, квазимемлекеттік субъектілердің бюджетпен қа­рым-қатынасы. Соңғы жылдары осы субъектілерге берілген жар­ғылық капиталдың сомасы ұл­ғайып, негізгі сомалар үш ұлт­тық холдинг арқылы экономиканы  әртараптандыруға берілгені белгілі. Осыған байланысты өз ойын білдірген Бақыт Сұлтанов жоғарыда көрсетілген қаражатты азайту керек деген ұсыныстар да айтылғанын атап өтті. Ол үшін жоспарлау әдісін өзгертіп, бюджетке қаржы-экономикалық негіздемеде көрсетілген соманың бәрін бірден жоспарламай, кезең-кезеңімен қарастырылуы қажет екен.

Отырыста Қаржы министрінен кейін Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Алпысбай Ахметов пен Есеп комитетінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков сөз алып, өткен жылғы бюджеттің атқарылуы жөніндегі есептерін баяндады. Ал талқылау барысында депутаттар айтқан ескертпелер мен ұсыныстарды ескере отырып, Есеп комитетінің  2016 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері бойынша қосымша баяндама әзірлеу жөнінде шешім қабылданды.