Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Сенаттан кейінгі қызмет: экс-депутаттар қазір немен айналысып жүр

АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа бір палаталы Парламент – Құрылтайдың құрамы 23 тамызда өтетін сайлауда белгілі болады. Ал бұған дейін Сенатта депутат болған бірқатар саясаткер өңірлерде жаңа қызметке кіріссе, енді бірі саяси қызметін жалғастырып, Құрылтай депутаттығына үміткер атанды.

Сенат
Фото: Сенат

Экс-сенаторлардың қазір қай салада қызмет етіп жүргенін Kazinform тілшісі шолып шықты.

Өңірлердегі жаңа қызмет

Шілденің соңы мен тамыздың басында бұрынғы екі сенатордың өңірлерде жаңа қызметке тағайындалғаны белгілі болды.

30 шілдеде Ернұр Әйткенов Павлодар облысы Ақтоғай ауданының әкімі болып тағайындалды. Тиісті шешім Президент Әкімшілігімен және аудандық мәслихат депутаттарымен келісіліп, облыс әкімінің өкімімен қабылданды.

Ернұр Әйткенов
Фото: Валрий Бугаев

Жаңа аудан әкіміне инвесторлармен жұмысты жандандырып, жаңа жобаларды жүзеге асыру және тұрақты жұмыс орындарын ашу міндеті қойылды. Сонымен қатар агроөнеркәсіп кешенін дамытуға баса назар аудару тапсырылды.

Сондай-ақ, Ернұр Әйткеновке аудан орталығындағы автовокзал мен қоғамдық моншаны қалпына келтіру, бассейн салу мүмкіндігін қарастыру да жүктелді. Бұдан бөлек, жылыту маусымына уақтылы дайындық жүргізіп, су тасқынының алдын алу шараларын іске асыру қажет. Сонымен бірге 2027 жылдың бюджетінде Шолақсор ауылына кіреберіс жолдағы көпір құрылысына қаржы қарастыру жоспарланып отыр.

4 тамызда бұрынғы сенатор Руслан Рүстемов Қызылорда облысы әкімінің кеңесшісі болып тағайындалды.

Руслан Рүстемов еңбек жолын 1994 жылы Қызылорда педагогикалық институтында оқытушы болып бастаған. 2008-2015 жылдары Шиелі ауданы әкімінің орынбасары, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарып, облыстық тілдерді дамыту және ішкі саясат басқармасын басқарған.

Руслан Рүстемов
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

2015-2023 жылдары Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, Сырдария ауданының әкімі, екі рет Жаңақорған ауданының әкімі қызметін атқарды. Сондай-ақ облыстық мәдениет және спорт басқармасын басқарды. 2023 жылы Сенат депутаты болып сайланды.

Осылайша, Сенаттағы қызметінен кейін екі экс-депутат та еңбек жолын өңірлік мемлекеттік басқару саласында жалғастырып отыр.

Құрылтай сайлауына кімдер қатысады

Құрылтай сайлауына ұсынылған партиялық тізімдерден де бұрынғы сенаторларды кездестіруге болады.

Мәселен, «Әділет» партиясының тізіміне Ольга Перепечина, Нұрлан Бекназаров, Евгений Больгерт және Марат Қожаев енген.

Ольга Перепечина бұған дейін Сенат төрағасының орынбасары қызметін атқарған.

ПЕРЕПЕЧИНА Ольга Валентиновна
Фото: senate.parlam.kz

Нұрлан Бекназаров Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетін басқарды.

Нұрлан Бекназаров
Фото: Конституциялық сот

Евгений Больгерт осы комитеттің хатшысы болды.

Евгений Больгерт
Фото: senate.parlam.kz

Марат Қожаев та аталған комитеттің құрамында жұмыс істеді. Сенатқа келгенге дейін ол Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарған. 

Марат Қожаев Парламент Сенатының депутаты болып тағайындалды
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Қазақстан Халық партиясының тізіміне бұрынғы сенатор Ләззат Сүлеймен де енді. Ол VI және VII шақырылымдағы Сенат депутаты болған.

Еске салайық, 1 шілдеде Қазақстан Президенті Құрылтай сайлауын тағайындады.

23 тамызда қазақстандықтар Құрылтайдың 145 депутатын сайлайды. Олардың өкілеттік мерзімі бес жыл болады.

Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы жеті саяси партия ұсынған кандидаттардың партиялық тізімдерін тіркеді. Бір депутаттық орынға төртке жуық үміткерден келеді.

23 шілде сағат 18:01-де партиялардың сайлауалды үгіт-насихат науқаны басталып, жеті саяси партия да өз сайлауалды штабтарын ашты.

Сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясы партиялардың сайлау бюллетеніндегі ретін анықтап, дауыс беру күніне қатысты маңызды шектеулерді еске салды.

Еске салайық, 12 тамыз сағат 20:00-де Jibek Joly телеарнасында алғашқы командалық теледебат өтеді.