Сенаттың тұрақты комитеттерінің жартысына нәзік жандылар басшылық етті

«Алты тұрақты комитет құрылған. Олар өз жұмыстарын ойдағыдай жүргізіп келеді. Сондықтан комитеттердің саны мен атауларын өзгеріссіз қалдыруға болады деп санаймын», - деді Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев палатаның жалпы отырысында.
Дауыс беру арқылы сенаторлар комитет саны мен атауын өзгеріссіз қайта бекітті.
Сонымен, депутаттар Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау комитетінің төрағасы қызметіне Георгий Кимді, Қаржы және бюджет комитеті төрайымы лауазымына Ольга Перепечинаны, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті төрайымы қызметіне Дариға Назарбаеваны, Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті лауазымына Асқар Бейсенбаевты бекітті.
Бұдан бөлек, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетіне Бірғаным Әйтімова, Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетіне Жеңіс Нұрғалиев жетекшілік ететін болды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жалпы отырыс кезінде жаңадан сайланған сенаторлар Қазақстан халқына ант берді.