Сербия Президенті Парламент Мәжілісінде болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыпов елімізге тұңғыш рет ресми сапармен келген Сербия Президенті Томислав Николичпен кездесті.
None
None

Тараптар қазақстандық-сербиялық көпқырлы ынтымақтастықты дамытудың өзекті мәселелерін талқылады, деп хабарлады Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі.

Мәжіліс спикері Сербия Қазақстанның оңтүстік-шығыс еуропадағы келешек және маңызды әріптестерінің бірі екенін алға тарта келіп, бүгінде екі мемлекет арасында қалыптасқан сенімді әрі сындарлы үнқатысудың жыл сайын қанат жайып келе жатқанын атап өтті. Оған мәртебелі мейманның Елбасымен кездесуі барысында қол жеткізілген келіссөздер дәлел деуге болады.

Сондықтан, біздің елдеріміз арасында ықпалдастықты одан әрі дамытудың, соның ішінде сауда-экономикалық байланысты нығайтудың әлеуеті зор.

Қ. Жақыповтың айтуынша, әсіресе, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы, азық-түлік өнеркәсібі мен туризм салалары екіжақты қатынасты кеңейту - басым бағыттар болып табылады.

Осы ретте Мәжіліс Төрағасы іскерлік ахуалды жақсартып, инвестициялық тартымдылықты арттыру мақсатында елімізде қабылданып жатқан заңдардың маңыздылығына тоқталды.

Жүздесу барысында халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерге де айрықша көңіл бөлінді. Мәжіліс Төрағасы мәртебелі мейманды Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына енуіне қатысты келіссөздердің аяқталғандығынан хабардар ете келіп, Сербия Президентіне «ЭКСПО-2017» көрмесін Астанада өткізу құқығына ие болуға қолдау көрсеткені үшін өз алғысын білдірді және сербиялық компанияларды осы көрмеге белсене қатысуға шақырды.

Өз кезегінде Томислав Николич халықаралық әріптестіктің қажеттілігіне тоқтала келіп, 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстанның кандидатурасын қолдайтынтығын жеткізді.

Сондай-ақ ол тәуелсіздіктің бар ауыртпалығын еңсерген біздің еліміздің қарқынды дамуына тәнті болғанын айта келе, барша қазақстандықтарды Ата Заңның 20 жылдық мерейтойымен құттықтады.

Жүздесу барысында парламентаралық байланысты тереңдету мәселелері де назардан тыс қалмады.

Осы мақсатта Парламент Мәжілісінде Сербиямен ынтымақтастық және достық тобын құру жоспарланып отыр. Сербияда бұл топты Қазақстанның аталған елдегі құрметті консулы Миланка Карич басқарады.

Кездесуге Мәжіліс депутаттары Виктор Рогалев, Нұрлан Жазылбеков, Төлеш Кенжин, Надежда Нестерова мен сербиялық тараптың бірқатар ресми тұлғасы қатысты.

Соңғы жаңалықтар