Сергей Емельянов байдарка мен каноэде ескек есуден әлем чемпионатында жетінші орын алды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан құрамасының өкілі Сергей Емельянов байдарка мен каноэде есуден Польшаның Познань қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатының финалында өнер көрсетті.
Қазақстандық спортшы бірлік-каноэде 200 метрлік қашықтықтың шешуші жарысына жолдама алған еді.
Финалда Сергей Емельянов 42.06 секунд нәтижесімен мәреге жетіп, жетінші орынға тұрақтады.
ҚР ҰОК мәліметінше, алтын медальді 40.95 секунд көрсеткішімен Польша өкілі Алексей Колядич жеңіп алды. Екінші орынды 41.05 секунд нәтижесімен өзбекстандық Артур Гулиев иеленсе, үздік үштікті 41.15 секунд көрсеткішімен Беларусь спортшысы Андрей Жолобов түйіндеді.
Айта кетейік, 29 тамызда Қазақстан спортшылары қатысатын тағы екі финал өтеді. Мария Бровкова бірлік-каноэде 500 метрлік қашықтықта жүлде үшін таласқа түседі. Ал екілік-каноэде 200 метрлік жарыстың финалында Мария Бровкова мен Ульяна Киселева өнер көрсетеді.
Қазақстандық ескекшілер Польшадағы әлем чемпионатында тағы екі финалға жолдама алғанын жазған едік.