Қазақстандық ескекшілер Польшадағы әлем чемпионатында тағы екі финалға жолдама алды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандықтар Сергей Емельянов пен Мария Бровкова байдарка мен каноэде есуден Польшаның Познань қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатының финалына жолдама алды.

Қазақстандық ескекшілер Польшадағы әлем чемпионатында тағы екі финалына жолдама алды
Фото: ҚР ҰОК

Сергей Емельянов каноэде жекелей сында 200 метрге жарыстың жартылай финалында сәтті өнер көрсетті. Ол өз тобында 42,99 секунд нәтижесімен үшінші орын алып, финалға өтті.

Мария Бровкова жекелей сында каноэде 500 метрге жарыста жүлде үшін бақ сынайды. Жартылай финалда отандасымыз өз жарысында 2:19,31 нәтижесімен екінші болып, шешуші кезеңге жолдама алды.

Бұған дейін Мария Бровкова мен Ульяна Киселева каноэде жұптық сайыстың 200 метрлік қашықтығында финалға шыққан болатын.

Емельянов 28 тамызда жүлде үшін таласады. Ал әйелдер арасындағы финалдық жарыстар 29 тамызға жоспарланған.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан еркін күрестен Армениядағы турнирде алты медаль жеңіп алғанын хабарлаған едік.