Сергей Цырульников Қазақстан ауыр атлетика федерациясының вице-президенті болып тағайындалды
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Сергей Цырульников Қазақстан ауыр атлетика федерациясының вице-президенті қызметіне тағайындалды.
Федерацияның мәліметінше, бұл шешім Сергей Цырульниковтың қазақстандық спортты дамытуға қосқан көпжылдық үлесі мен адалдығына негізделген.
— Бұл — саналы әрі салмақты таңдау. Сергей ұзақ жылдар бойы салауатты өмір салты мен спортты насихаттап, спортшыларды, жастарды және еліміздің спорттық рухын нығайтуға бағытталған бастамаларды тұрақты түрде қолдап келеді. Қазақ мәдениетінде «батыр» деген ерекше ұғым бар. Ол — тек ержүрек адам ғана емес, өз ісіне және Отанына адал, абыройлы тұлға. Сергей Цырульников дәл осындай азамат. Оның бойынан отансүйгіштік, адалдық, жауапкершілік және елге пайдасын тигізуге деген шынайы ниет айқын көрінеді, — деп атап өтті Федерация өкілдері.
Спорт ұйымының хабарлауынша, Сергей Цырульников Федерацияның құндылықтарын толық қолдайтын, адамдарды бір мақсатқа жұмылдыра алатын, жеке үлгісімен өзгелерге жігер беретін әрі отандық спорттың дамуына үлес қосатын тұлға.
— Сергей Цырульниковтың тәжірибесі, қажыр-қайраты мен ісіне деген адалдығы Қазақстандағы ауыр атлетиканың одан әрі дамуына елеулі үлес қосатынына сенімдіміз, — деп мәлімдеді Қазақстан ауыр атлетика федерациясы.
Сергей Цырульников — Қазақстан Республикасының ізгі ниет елшісі, «Құрмет» және «Достық» мемлекеттік ордендерінің, сондай-ақ түрлі ведомстволық марапаттардың иегері. Сонымен бірге ол Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің ресми амбассадоры.
Ол — Гиннестің рекордтар кітабына жеті рекорд енгізген рекордсмен, әлем және Қазақстан рекордтарының бірнеше дүркін иегері, сондай-ақ көптеген әлеуметтік және қайырымдылық жобалардың авторы.
Сергей Цырульников — Қазақстанның пауэрлифтингтен спорт шебері және күштік өнер көрсетулер бойынша әлем рекордшысы. Ол сондай-ақ әлемге танымал America’s Got Talent таланттар шоуына қатысқан.
Еске сала кетейік, бұған дейін отандық төрешілер УЕФА Конференция лигасының матчтарына тағайындалған болатын.