Серік Ахметов 21 қыркүйек күні бостандыққа шығады

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының Абай аудандық соты бесінші қыркүйек күні елдің бұрынғы Премьер-Министрі Серік Ахметовтің бас бостандығынан айыру жазасын алмастыру туралы қаулы шығарды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Серік Ахметов 21 қыркүйек күні бостандыққа шығады

Бүгін Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметі ресми түрде хабарлағандай, бұрынғы Премьер-Министрге тағайындалған бас бостандығынан айыру жазасының өтелмеген 4 жыл 26 күнін сот дәл сонша уақытқа бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырды. Қалған мерзімді Серік Ахметов тұрғылықты жерінде өтейтін болады.

Сот қаулысы 21 қыркүйек күні құжат заңдық күшіне енген кезде іс жүзінде орындалатын болады.

«Сот-атқару жүйесі органы сот тыңдауы кезінде Серік Ахметовтің жазаны жеңілдету туралы өтінішін қабыл алды. Оған еш кедергі болатын еш себеп көріп отырғанымыз жоқ», - деп хабарлайды Қарағанды облысының қылмыстық-атқару жүйесі департаментінен соттың көшпелі түрде болғанын және колонияда өткенін нақтылай келе.

«АК 159/18 мекемесінен Серік Ахметовтің бас бостандығынан айыру түріндегі жазасының өтелмеген бөлігін жазалаудың біршама жеңіл түріне ауыстыру туралы өтініш келіп түсті. Жазасын өтеу кезінде Серік  Ахметовке мекеме әкімшілігі тарапынан жағымды мінездеме берілді. Қылмыстық жолмен келтірілген материалдық шығын толықтай өтелді. Еңбекке адал көзқарасы және тәрбиелік шараларға белсене қатысқаны үшін 4 грамота, 4  мақтау алғандығы ескерілді», - дейді соттың баспасөз қызметі.

2016 жылдың 11 шілдесінен бастап ол жеңілдетілген жағдайда жазасын өтеп жатыр.

Сот қаулысы әзірге заңдық күшіне енген жоқ және жарияланған күннен бастап 15 тәулік ішінде шағым түсіп немесе наразылық білдірілуі мүмкін.