Серік Сәпиевке «Қызыл алма» сыйлығы берілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркияның Едірне қаласында өтіп жатқан ІІІ «Әлем Түркілері форумы» шеңберінде алғаш рет 11 аталым бойынша «Қызыл Алма» сыйлығы берілді.
None
None

Оған ие болғандардың басым бөлігі өз саласында түгел түркінің мақтаны ғана емес, Түркі әлемінде өзіндік орны бар тұлғалар. «Спорт» аталымы бойынша «Қызыл алма» сыйлығы Лондон Олимпиадасының чемпионы, Вел Баркер кубогының иегері, даңқты боксшымыз Серік Сәпиев пен волейболдан Түркияның ұлттық құрамасының ойыншысы, талай жүлде салған Наз Айдемирге берілді.

Сондай-ақ, «Мемлекет» аталымында РФ Татарстан Президенті Рустам Минниханов пен Түркия Ұлттық білім министрі, профессор Наби Авжы;

«Дипломатия» аталымы бойынша Түркі Кеңесінің Бас хатшысы Халил Ақынжы, Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов және Қазақстанның Түркиядағы елшісі Жансейіт Түймебаев;

«Іскерлік» аталымы бойынша Түркия палаталары және қор нарығы одағы;

«Ғылым» аталымы бойынша Түркия ғылымыТарих одағының басшысы профессор Екмеледдин Инсаноғлы мен белгілі экономист, профессор Невзат Ялчынташ;

«Мәдениет» аталымы бойынша ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы және Түркі әлемі музыка бірлігінің жетекшісі Ирфан Гүрдал;

«Өнер» аталымында қырым татарларының әншісі Жамал Жамаладинова мен түріктің танымал әншісі Орхан Генжебай;

«Технология» аталымында Қырғыз Республикасының Манас университеті мен Әзербайжанның ұлттық ғылым академиясының Шемаха астрофизика зертханасы.

«Стратегия» аталымында Әзербайжан Диаспора министрі Назым Ибрагимов, Едірне қаласының әкімі Хасан Дуруер және Ескишехир әкімі Гүнгөр Азим Туна;

«Дипломатия» сыйлығы бойынша түркиялық қайраткерлер мен журналистер: Торхан Алмуфти, Ахмет Иешілтепе мен Муртеза Сулужоожа «Қызыл алма» сыйлығының иегері атанды.

Айта кетер жайт, марапаттау рәсімі кезінде «Ұлытау» тобының әуені асқақтап тұрды.

Түркі әлемі үшін өзіндік ерекше сыйлық тағайындау шешімі былтыр, сәуірде Ыстамбұл қаласында өткен ІІ «Әлем Түркілері форумында» қабылданған болатын.

Естеріңізге сала кетейік, алқалы жиын Түрік Азия Стратегиялық Зерттеу Орталығының (TASAM) ұйымдастыруымен биыл үшінші мәрте өтуде. Түркі әлемі мен түркі диаспораларына арналған форумға 60-қа жуық елден 400-ге тарта ғалымдар, мемлекет қайраткерлері, дипломаттар, журналистер, азаматтық ұйым және зиялы қауым өкілдері қатысуда.

28 мамырда басталған жиын бүгін аяқталады, деп хабарлайды Түркі академиясының баспасөз қызметі.

Соңғы жаңалықтар