Серік Жұманғарин алдағы үш жылдағы бюджетке қатысты түсінік берді
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин елдің 2026 — 2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырды.

— Базалық нұсқаға сәйкес 2026 жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 5,4 пайызды, 3 жылдағы орташа жылдық өсуі 5,3 пайыз. Номиналды жалпы ішкі өнім 2026 жылғы 183,8 трлн теңгеден 2028 жылы 229,8 трлн теңгеге дейін өседі. Экономиканың өсуі нақты сектор мен қызмет көрсету саласындағы өсудің есебінен қамтамасыз етілетін болады. Өңдеу өнеркәсібінде инвестициялық жобалардың іске асырылуы есебінен өсу қарқыны 2026 жылғы 6,2 пайыздан 2028 жылы 6,6 пайызға дейін ұлғаяды деп болжанады. Тау-кен өндіру өнеркәсібіндегі үш жылдағы орташа өсу 2,8 пайыз, ауыл шаруашылығында — 3,9 пайыз, құрылыста — 11,0 пайыз, көлік қызметтерінде — 10,1 пайыз және саудада — 6,7 пайыз болады, — деді Серік Жұманғарин.
Оның айтуынша, экспорт 2026 жылғы 77,1 млрд АҚШ долларынан 2028 жылы 83,7 млрд АҚШ долларына дейін, импорт — 67,7-ден 75,2 млрд АҚШ долларына дейін өсуі мүмкін.
— Инфляция болжамы 2026 жылы 9-11 пайыз, 2027 жылы және 2028 жылы орташа 6 пайыз деңгейінде айқындалған. Макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамы негізінде 2026-2028 жылдарға арналған бюджет пен Ұлттық қор параметрлерінің болжамы қалыптастырылды. Салық-бюджет саясаты мемлекеттік қаржының орнықтылығы мен теңгерімділігін қамтамасыз етуге, бюджет тапшылығын азайтуға, сондай-ақ Ұлттық қор қаражатын меншікті қаражатпен алмастыруға бағытталған. Бюджетті болжау бюджет қағидалары мен Мемлекеттік қаржыны басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында белгіленген нысаналы бағдарларға негізделді. Кіріс 2026 жылы 19,2 трлн теңге көлемінде немесе жалпы ішкі өнімге қатысты 10,5 пайыз деңгейінде қарастырылған. Осы жылдың бағалауымен салыстырғанда өсім 4,7 трлн теңге болып, 2028 жылға қарай 23,2 трлн теңгеге дейін немесе 20,8 пайызға өсуі күтілуде. Жалпы, республикалық бюджеттің меншікті кірістермен қамтамасыз етілуі 2025 жылғы 63,7 пайыздан 2028 жылы 83,5 пайызға дейін өседі, — деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт мұнайдың кесімді бағасы бойынша есептелген лимит шегінде жыл сайын 2 трлн 770 млрд теңге мөлшерінде айқындалды. 2026-2028 жылдары шығыстардың өсу қарқыны 108,7–109,3 пайыз деңгейінде тұрақтандырылды. Осыны ескере отырып, бюджеттің шығысы бюджет қағидаларында белгіленген лимиттерді сақтай отырып, 2026 жылы 27,7 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге 15,1 пайызды, 2027 жылы — 28,8 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге 14,0 пайызды, 2028 жылы — 29,8 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге шаққанда 13 пайызды құрайды.
— Кірістер мен шығыстардың осындай көлемдері кезінде бюджет нысаналы трансферт түрінде Ұлттық қордан қосымша қаражат тартудың қажеттілігінсіз өзін-өзі қамтамасыз етеді. Фискалдық және мұнай емес тапшылықтардың деңгейі 2026 жылы тиісінше жалпы ішкі өнімге қарағанда 2,5 пайызды және 4,9 пайызды құрап, 2028 жылы жалпы ішкі өнімге 0,9 және 2,7 пайызға дейін төмендейді деп болжануда. Осыны ескере отырып, үкіметтік борыш 2026 жылы жалпы ішкі өнімге 21,4 пайыз деңгейінде болжанып, 2028 жылға қарай жалпы ішкі өнімге шаққанда 19,6 пайызға дейін төмендеуі ескерілген, бұл белгіленген ковенанттардан аспайды, — деді Серік Жұманғарин.
Бұған дейін хабарланғандай, Қаржы министрі Мәди Тәкиев республикалық бюджет түсімінің орындалуына кедергі болған факторларды атады.