Серік Жұманғарин «Орталық Азия — Қытай» іскерлік кеңесі отырысын жыл сайын өткізуді ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин «Орталық Азия — Қытай» іскерлік кеңесінің отырысын жыл сайын тұрақты өткізіп тұруды ұсынды.

Ең алғашқы отырыс осыдан екі жыл бұрын 2023 жылдың 19 мамырда Қытайдың Сиань қаласында өткен еді. Бүгін елордада «Орталық Азия — Қытай» іскерлік кеңесінің екінші отырысы өтіп жатыр.
− Бұл өзара іс-қимыл тетігін тұрақты форматқа айналдырып, жыл сайын өткізуді ұсынамын. Біздің елдердің іскерлік топтары қоғамдық және мәдени байланыстарды дамытуда маңызды рөл атқарады, бұл түптеп келгенде халықтарымыз арасындағы достық пен өзара түсіністіктің нығаюына ықпал етеді, − деді Серік Жұманғарин.
Премьер орынбасары қытайлық әріптестерді Қазақстанда және Орталық Азия елдерінде бизнесті дамыту үшін қолда бар мүмкіндіктерді пайдалануға шақырды.
− Қазақстан Үкіметі сіздер үшін сенімді әрі айқын серіктес бола алады. Бүгінгі отырыс осы залда отырған бизнес-қауымдастық өкілдері үшін ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері мен келешегін ашатынына сенімдімін, − деді ол.
Айта кетейік, бүгін елордада «Орталық Азия — Қытай» ІІ саммиті өтеді. Оған өңірдегі 5 мемлекеттің басшылары мен Қытай Халық Республикасының төрағасы қатысады.
Ең алғашқы саммит 2023 жылдың 19 мамырда Қытайдың Сиань қаласында өткен еді. Саммит қорытындысында Мемлекеттер басшылары Сиань декларациясына қол қойып, бірқатар бастаманы қабылдаған.
2024 жылы Орталық Азия өңірі мен Қытай арасындағы сауда қарқыны 95 млрд АҚШ долларына жеткен және оның жартысына жуығы Қазақстанға тиесілі болды. Осылайша, екіжақты сауда айналымы рекордтық 44 млрд долларға жеткен.
Сонымен бірге, Орталық Азияның органикалық өнімдері Қытай нарығында жоғары бағаланады.