Сеулдегі форумда Қазақстанның е-үкіметті дамыту тәжірибесі талқыланды
АСТАНА. 23 қазан. ҚазАқпарат - Бұл күндері Сеулде өтіп жатқан Электрондық үкімет жөніндегі Ғаламдық форумда қазақстандық электрондық үкіметті дамыту тәжірибесі талқылануда.
Бұл туралы ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
«Ақылды үкімет және қоғам: ашықтық, тәжірибе алмасу, коммуникация және әріптестік» тақырыбына арналған пленарлық отырыс пен дөңгелек үстел барысында әлемнің 40 елінен жиналған делегаттар алдында ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі Сәкен Сәрсенов пен «Зерде» Ұлттық ақпараттық коммуникациялық холдингі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Бикеш Құрманғалиева қазақстандық электрондық үкіметтің дамуы мен жетістіктері және болашағы туралы айтып берді.
Форум қатысушылары Қазақстанның аз уақыт ішінде бұл салада айтарлықтай жетістікке жеткенін атап өтті. Біріккен Ұлттар Ұйымының бағалауына сәйкес, 2012 жылы Қазақстан Республикасының е-үкіметі даму деңгейі бойынша әлемде 38- орынды иеленсе, электрондық қатысу индексі жөнінен 2- орынға ие болды. Ал, 2013 жылдың мамырында электрондық лицензиялаудың қазақстандық жүйесі WSISProjectPrizes халықаралық байқауының «E-Business» аталымын жеңіп алды.
Журналистермен жүздесу барысында С. Сәрсенов елімізде мемлекеттік қызметтер және сервистерді автоматтандыру мен оңтайландыруда атқарылған іс-шаралар, сондай-ақ электрондық үкіметті одан әрі дамытудың жоспарлары туралы толығырақ әңгімелеп берді. Вице-министрдің айтуынша, ағымдағы жылдың соңына дейін 551 қызметтер мен сервистер автоматтандырылса, келесі жылы рұқсат құжаттарының барлық түрін автоматтандыру үдерісі аяқталады.
Қызметтерді автоматтандыру мен оңтайландыру және оларды ұсыну стандарттарын қайта қарау есебінен мемлекеттік органдар бұрын талап етіп келген 177 құжаттың көшірмелері қысқартылды. Жалпы көрсетілген қызметтердің саны бойынша азаматтардың мемлекеттік органдарға жыл сайын тапсыратын құжаттар саны 42 миллионға қысқарған. Бұрын 60 миллион құжат талап етіліп келген болатын. Ағымдағы жылы тағы 122 құжат түрі қысқартылып, мемлекеттік органға тапсыратын миллиондаған қағаз санын қысқартуға мүмкіндік береді.
С. Сәрсенов қазіргі күні Қазақстанда азаматтардың «жеке кабинеті» жобасы әзірленіп жатқанын да айтып өтті. «Жеке кабинет» азаматтар мен мемлекеттік органның өзара ақпарат алмасуының бірыңғай ортасы болмақ. Мемлекеттік қызметтің көрсетілгені немесе салық, айыппұл төлемдері туралы ақпараттар азаматтың «жеке кабинетіне» келіп түсетін болады.
iOS және Android бағдарламалары үшін әзірленген электрондық үкіметтің «eGov» мобильдік қосымшасын дамыту аясында жаңа қызметтер пайда болмақ. Олардың қатарында жылжымайтын мүлікке меншік құқығы туралы ақпаратты алу, мемлекеттік тұрғын үй қорындағы баспанаға кезектің жылжуын біліп отыру қызметтері бар. Бұлардан басқа, электрондық үкімет порталында электрондық ақшаның көмегімен төлем жүргізу мүмкіндігін жүзеге асыру жоспарлануда. Бүгінгі күні жылдың басынан бері egov.kz арқылы жүргізілген транзакция сомасы 774 296 642 теңгені (2012ж. 5,5 есе аз жүргізілген - 140 762 073 теңге) құрағанын айтып өткен жөн. Сондай-ақ, болашақта қазақстандықтар онлайн режімінде тауар белгісін тіркеп, инновация мен зияткерлікке немесе т.б. патент алу мүмкіндігіне ие болады. Ағымдағы жылдың соңына дейін 30 жаңа қызмет түрі іске қосылып, 200 ден астам рұқсат беру үдерістері автоматтандырылады.