Сейсмикалық қауіпсіздікті сақтауда жүйелі қадам жасау керек – Сенат төрағасы

Қостанай мен Абай облыстарындағы орман өрттері жауапты мемлекеттік органдардың жұмысындағы түйткілдерді және осы бағытта тиімді жүйенің жоқ екенін айқын көрсетті. Бұл туралы Сенатта азаматтық қорғау жүйесін жетілдіру тақырыбындағы парламенттік тыңдау барысында палата төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Сенат төрағасы
Фото: senate.parlam.kz

«Біз бүгін парламенттік тыңдау аясында елімізде азаматтық қорғау жүйесін дамыту мәселелерін талқылаймыз. Қазір бұл өте өзекті мәселе екені сөзсіз. Сондықтан бұл бағытты Сенат ерекше бақылауда ұстап отыр. Жалпы, табиғи әрі техногендік апаттардың салдары қашанда ауыр болады. Сол себепті, азаматтық қорғауды күшейту, осы саладағы қауіптердің алдын алу мемлекеттік органдардың ең маңызды мақсаттарының бірі. Өкінішке қарай, кейінгі жылдарда табиғи және техногендік сипаттағы апаттар орын алды. Соның салдарынан мыңдаған адам зардап шекті. Қаза тапқандар да бар екені жасырын емес. Бұл – алаңдатарлық жағдай. Осы ретте, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі аса маңызды екенін айрықша атап өткен жөн. Өйткені соңғы жылдардың өзінде осы бағытта көптеген төтенше оқиғалар болды. Олардың қатарында Қостанай, Абай облыстарында болған ірі орман өрттері де бар. Бұл екі оқиға өртті сөндіруге жауапты мемлекеттік органдардың жұмысындағы түйткілдерді және осы бағытта тиімді жүйенің жоқ екенін айқын көрсетіп берді», - деді М. Әшімбаев.

Сонымен қатар ол жақында өрт салдарынан Алматыда қайғылы жағдай болғанын еске салды.

«Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев азаматтық қорғау жүйесін жаңғырту жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Сондықтан тиісті мемлекеттік органдардың алдында ауқымды жұмыстар тұр. Сондай-ақ, елімізде өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселесінде де олқылықтар аз емес. Қарағанды облысындағы шахталарда болған апаттар соның салдары екені сөзсіз. Бұл ретте, алдын алу жұмыстарының жүзеге асырылмауы, тиісті бақылаудың әлсіреуі, уақтылы жүргізілмеген күрделі жөндеу, жүйесіз жобалық және техникалық шешімдер қайғылы оқиғаларға әкелетін жағдайлар екені анық. Осы бағытта кешенді жұмыстар жүргізу қажет. Қазіргі таңда әлем бойынша сейсмикалық апаттардың да жиілеп кеткенін байқап отырмыз. Еліміздің географиялық орналасуына байланысты бізге бұл мәселені назардан тыс қалдыруға болмайды. Сондықтан сейсмикалық қауіпсіздікті сақтау бағытында да жүйелі, жоспарлы қадам жасауымыз керек. Жалпы, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өнеркәсіптік қауіпсіздікті жетілдіру, сейсмикалық қауіпсіздікті сақтау және басқа да осы бағыттағы мәселелерді шешу мемлекеттік органдардың үнемі назарында болуы тиіс. Бізге осы мәселеде әлемдегі озық тәжірибелерді зерттеп, жаңа тәсілдерді енгізу өте маңызды. Сонымен қатар, ғылыми әлеуетті кеңінен пайдалану қажет», - деді Сенат төрағасы.

Оның сөзіне қарағанда, азаматтық қорғау сияқты маңызды сала тиісті деңгейдегі қаржыландыруды қажет етеді. Алайда кейінгі жылдарда бұл саладағы көптеген іс-шараларға тиісті деңгейде қаржы бөлінбей келді. Сондықтан Үкімет пен әкімдіктер осы мәселеде жүйелі және кешенді шешімдер қабылдау керек.

Соңғы жаңалықтар