Ш.Нұрышев: Қазақстан мен Қытай арасында саяси проблема жоқ

БЕЙЖІҢ-ШАНХАЙ. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда Қазақстан мен Қытай арасында саяси проблема жоқ. Бұл туралы Шанхай шетел тілдері университетіндегі тұңғыш «Қазақстан орталығының» ашылу рәсімінде ҚР-дың ҚХР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Шахрат Нұрышев айтты.

Ш.Нұрышев: Қазақстан мен Қытай арасында саяси проблема жоқ

«Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының қазіргі кезеңін шын мәнінде жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне жеткен, біздің мемлекеттеріміз бен халықтарымыздың достығы игілігінің ұзақмерзімді басымдығы ескеріле қалыптасқан өзара тиімді ынтымақтастық моделі деп санауға болады. Қазақстан мен Қытай өткен дәуірден мұра болып қалған шекара мәселесін реттеп, ұзақ тарихи келешекке теңқұқылы өзара тиімді серіктестік үшін негіз қалады. Нәтижесінде, бүгінде екі елдің арасында саяси проблема жоқ», - деген ол тәуелсіздік жылдары ішіндегі Қазақстанның саяси, дипломатиялық және экономикалық жетістіктеріне кеңінен тоқталды.

Дипломат екіжақты байланыстардың жоғары қарқында қалыптасуына екі елдің мемлекет басшылары арасындағы тұрақты саяси сұхбаттастықтың жоғары рөлге ие екендігін баса айтты.

«ҚР Президенті Н.Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин арасында өте жақсы іскерлік және жеке байланыс орнап, екіжақты ынтымақтастыққа маңызды серпін беруде. Мәселен, ағымдағы жылдың мамырында ҚХР Төрағасы Қазақстанға ресми сапар жасаса, Қазақстан Көшбасшысы тамыз айының соңы мен қыркүйектің басында Қытайға мемлекеттік сапармен келіп, жапондық басқыншыларға қарсы қытай халқы жеңісінің 70 жылдығына арналған салтанатты әскер парадқа қатысты», - деді Елші.

Оның атап өтуінше, саяси өзара сенімнің қол жеткізілген деңгейі сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылдың өсіміне сенімді негіз болып отыр. Бірнеше жыл қатарынан Қытай Қазақстанның ең ірі сыртқы сауда серіктесі болуда. Бұл елмен Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 20 пайыздан асып жығылады. 2014 жылы екі елдің арасындағы тауар айналымы, қытайдың статистикалық деректеріне сәйкес 22,4 млрд. долларды құрады. Қазақстан да Қытайдың Орталық Азиядағы ең ірі және ТМД-дағы Ресейден кейінгі екінші сауда серіктесі болып отыр.

Сонымен қатар Елші бүгінгі күні Қытай Қазақстанның негізгі шетелдік инвесторлары арасында көшбасшылық орынға ие болып отырғандығын да баса айтты.

«Тәуелсіздік жылдары ішінде қазақстандық экономикаға 20 млрд. доллардан астам қытай инвестициясы тартылды, оның 6 млрд. доллары - тікелей инвестиция. Тек соңғы 2 жылда ғана сомасы 70 млрд. доллардан асып жығылатын инвестициялық жобалар бойынша екіжақты құжаттарға қол қойылды», - деді Ш.Нұрышев.

Естеріңізге сала кетейік, Шанхай шетел тілдері университетіндегі бірінші «Қазақстан орталығы» Шанхайдағы ҚР Бас консулдығының, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның және аталған қытай жоғары оқу орнының бастамасымен ашылды. Таяу аралықта дәл осы оқу орнында шетелдік студенттер үшін қазақ тілі кафедрасы ашылмақ.