Шабал Бейсекова - қазақтың кәсіби әншісі - Б. Төлегенова

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ операсының ұлы тұлғасы Шабал Бейсекованың (1919-1997) есімі Қазақстанның опера өнерінің тарихына алтын әріптермен жазылған.

Шабал Бейсекова -  қазақтың кәсіби әншісі  - Б. Төлегенова

Шабал Бейсекованың өнердегі жолы оңай болмады. Алайда еңбексүйгіштігі мен таланты арқылы халықтың жүрегіне жол таба білді. 1934 жылы негізі қаланып, кейін Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театры болып атанған музыкалық театрда 15 жастағы Алматы техникумының (қазіргі П.И. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжі) студенті Шабал Бейсекова 1936 жылдан бастап ән айта бастады. Қыздың әсем дауысы бірден өзіне назар аудартты. 1936 жылдың 17-25 мамырында Мәскеудегі қазақ өнерінің бірінші декадасына театрдың жеке әншілері құрамында қатысты.

Сол жылы күзде Шабал дарынды жас вокалистер баритон Кәукен Кенжетаев және екі тенор Бикен Жылысба ев пен Мүслім Асылбековпен Мәскеу консерваториясына аттандырылды. Мәскеудегі студенттік кездерін Шабал Бейсекова мен оның жары Кәукен Кенжетаев кейін ауыр әрі кәсіби шыңдалған және қызықты студенттік шақ деп еске алды. Шабал Бейсекова талай өнерлі әншілерді, соның ішінде Валерия Барсованы оқытқан РСФСР еңбегі сіңген өнер қайраткері Мария Владимированың сыныбында білім алған.

Консерваториядан кейін жас әншілер Алматыға оралып, өз театрларындағы қызметін жалғастырды. Шабал Бейсекованың талантының арқасында жұлдызы жанып ол 30-80 жылдардағы операның жарық жұлдыздарының бірі атанды. Қазақ операсының бұлбұлы Қазақстан, Қырғызстан, Татарстан, Башқұртстан, Грузия, Әзербайжан және Еуропа елдерінің композиторлары шығармаларында 17 партияны орындады. Ол өзі ойнаған әр кейіпкердің рөлін жақсы сомдай білді.

Ол орындаған партиялардың ішінде Қыз Жібек, Е. Брусиловскийдің «Гвардия, алға» шығармасындағы Айна, А. Жұбанов пен Л. Хамидидің «Абай» туындысындағы Ажар, К. Қожамьяровтың операсындағы Назугум, С. Мұхамеджановтың операсында Айсұлу, И. Палиашвилидің «Даиси» шығармасында Маро, Ш. Гуноның «Ромео мен Джульетта» туындысындағы Джульетта, Ж. Бизенің «Карменіндегі» Микаэла, М. Төлебаевтың «Біржан мен Сара» шығармасындағы Сара болды. Көптеген опералық қойылымдарда Шабал Бейсекова өзінің күйеуі ҚазКСР халық әртісі Кәукен Кенжетаевпен бірге өнер көрсетті. Мәселен «Карменде» Кәукен Кенжетаев тореадор Эскамильоның партиясын орындады. Олардың жанұялары әрдайым өнер иелерінің ортасында болды. Кәукеннің туған ағасы - белгілі режиссер Шәкен Айманов олардың үйіндегі құрметті әрі жиі келетін қонағы болды. Шабал Бейсекова өзінің орындаушылық қабілетінде еуропалық вокал мектебі мен ұлттық ерекшелікті ұйқастыра білді. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының доценті, МАОБТ-тың бұрынғы жетекші әншісі Клавдия Бобошко: «Шабал Бейсекова табиғи дауыспен ән шырқайтын. Оның орындауы икемділігімен, тереңдігімен және әуезділігімен ерекшеленетін. Шәкемен араласу қуаныш сыйлайтын. Ол өзін тек жақсы жағынан көрсетті», - деп еске алатын. Шабал Бейсекова театрға Күләш Байсейітованың өнері асқақтаған кезде келген. Сондықтан ол 1957 жылға дейін қосымша құрамда ән айтуға мәжбүр болды. Алайда Күләштің жақсы қарым-қатынасы мен Шабалдың қарапайымдылығы шығармашылық ортаға теріс көңіл күйдің тууына жол бермеді. Сүйікті әкесінің Сәкен Сейфуллинмен достығы үшін 1937 жылы қаза тапқаны да Шабал Бейсекованы өзгертпеді. 1957 жылы ғана отбасы «Қартай Бейсековке қатысты іс тоқтатылғаны» туралы анықтама алды. ҰОС жылдары әнші майданда кеңестік және ұлттық патриоттық әндерді орындаған. Мұнымен ол жауынгерлердің жеңіске деген рухын көтермек болған. Шабалдың Қызыл әскер жауынгерлерімен түскен суреті сақталған. Соғыстан кейін 1948 жылдың желтоқсанында Мәскеудегі қазақ әдебиеті мен өнерінің декадасында Мұқан Төлебаевтың «Біржан мен Сара» операсы жақсы қабылданды. Онда Шабал Бейсекова Сараның партиясын орындаған. Опера авторы мен оның басты орындаушылары сол жылдардағы басты награда Сталин сыйлығына ие болған. Кейін әншіге Қазақ КСР құрмет атағы берілді. Сонымнен қатар, Шабал Бейсекова Еңбек Қызыл Ту, Қазан Революциясы ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталған. «Шабал Бейсекованы қазақтың бірінші кәсіби әншісі деп есептеймін. Өз заманындағы орындаушылардың ішінде Шабал Бейсекова кәсіби тұрғыда дайындалған. Дауысы толық диапазонды және өте әсем тембрі болған. Өмірде Шәке жақсы, көмекке дайын тұратын адам болған. Жас болсам да, онымен достасып алдық. Тілді жақсы меңгерген ол, шығармаларды оқу үлгісіне біздің назарымызды аудартатын. Шәкеде «қызғаныш» сезімі болмаған. Ол әрдайым репертуармен бөлісіп, керек болған жағдайда костюмды дайындауға көмектесіп, әшекей бұйымдарын сыйға тартатын. Кей білезіктері менде осы күнге дейін сақталған»,- деп еске алады атақты әншіні Бибігүл Төлегенова. Опералық шығармашылығымен қатар Шабал Бейсекова камералық, концерттік орындауды жақсы көретін. Қазақ әндеріне ерекше көңіл бөлетін. Қазақстанда Шабал Бейсекова концерт қоймаған қала, аудан жоқ. Оны шетелде де есте сақтап қалған. Шабал Бейсекова Кеңес Одағы республикаларындағы театр гастрольдерінде басты партияларды орындаған. Үндістан, Моңғолия, Ауғанстан, Пәкістан, Италия және Қытайда да өнер көрсеткен.

1997 жылы әнші өмірден озды. Қазақ КСР халық әртісі Шабал Бейсекова халықтың есінде мәңгі сақталған. Радиода оның орындауындағы қазақ халықтық ән мәдениеті маржандарының жазбалары - «Баянауыл», «Ахау Керім», «Ақ Дариға», сондай-ақ «Бұл-Бұл» мен Л. Хамидидің «Қазақ вальсі» сақталған. Бүгінде радиодағы мұрағатта сақталған жазбаларды тарату арқасында оның әсем дауысын тыңдай аламыз. Қазақстан астанасы - Астана қаласындағы көшелердің бірі Шабал Бейсекованың есімімен аталды.

Инна Лебедева, «Казахстанская правда»