Шағын көлемді кемелерді бақылау ТЖМ құзырына өтті

АСТАНА. KAZINFORM — Акция барысында 775 шағын көлемді кеме тексеріліп, 273 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. 

шағын көлемді кемелерді бақылау ТЖМ құзырына өтті
Фото: Көлік министрлігі

2026 жылғы 1 шілдеден бастап «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне оларды Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келтіру, Қазақстан Республикасының сайлау, прокуратура және әлеуметтік қамсыздандыру туралы заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң күшіне енді.

Заңда шағын көлемді кемелерге қатысты мемлекеттік бақылау және қадағалау функцияларын Көлік министрлігінен Төтенше жағдайлар министрлігіне беру көзделген.

Су объектілерінде функцияларды беру, ең алдымен халықтың жаппай демалатын орындарында азаматтардың қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыруға, сондай-ақ ішкі туризмді дамыту және су жағасында демалушылар санын ұлғайту жағдайында шағын көлемді кемелерді пайдалануға байланысты оқиғалардың алдын алуға кешенді тәсілді қамтамасыз етуге бағытталған.

Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің аумақтық органдарының функцияларын беру қарсаңында 2026 жылғы 1-30 маусым аралығында «Назар аударыңыз! Шағын флот!» шағын көлемді кемелерді пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының бұзылуының алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шаралар жүргізілді.

Акция барысында 775 шағын көлемді кеме тексеріліп, 273 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.

Ең көп таралған заң бұзу:

— басқаруға құқығы жоқ адамның шағын көлемді кемені басқару — 34 жағдай;
— жеке құтқару құралдарынсыз кемелерді пайдалану (құтқару кеудешелері, белбеулер, төсбелгілер) — 91 жағдай;
— кеме бортынан қоқыс пен өзге де заттарды шығару — 26 жағдай;
— белгіленген тәртіппен тіркелмеген кемені басқару — 10 жағдай;
— кеме жүргізушілерінің шағын көлемді кемелерді пайдаланудың өзге де қағидаларын бұзуы — 26 жағдай;

Көлік министрлігі шағын көлемді кемелердің иелері мен кеме жүргізушілерін су объектілеріндегі заңнама талаптары мен қауіпсіздік қағидаларын мүлтіксіз сақтауға шақырады. 

Айта кетелік 1 шілдеден бастап шағын көлемді кемелер тексерілетіні туралы жазған едік