Шахмұрат Мүтәліп қаза тапқан әскерилердің отбасына 25 млн теңгеден көмек көрсетеді

АСТАНА. KAZINFORM — Белгілі кәсіпкер, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Шахмұрат Мүтәліп қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасына 25 млн теңгеден бөледі. 

Шахмұрат Мүтәліп қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасына 25 млн теңгеден көмек көрсетеді
Фото: instagram.com/shakhmurat_mutalip

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі қаза тапқандардың туған-туыстарына және қарулас жолдастарына көңіл айтты. Оның сөзінше, әскери қызметшілерге берілетін көмек атаулы түрде, мемлекеттік қолдауға қосымша көрсетіледі.

— Бүгін Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілеріміз қаза тапты. Мемлекет басшысы марқұмдардың отбасына көңіл айтып, оларға барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды және ертеңгі күнді жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Ең алдымен Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі ретінде, сондай-ақ кәсіпкер ретінде осынау қайғыны теңдей бөлісуді парызым деп санаймын. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың үндеуін қолдай отырып, Integra Construction KZ компаниясынан қаза тапқан әрбір әскери қызметшінің отбасына 25 миллион теңгеден қаржылай көмек бөлінетінін хабарлаймын. Көмек атаулы түрде, мемлекеттік қолдауға қосымша көрсетіледі. Ешқандай қаражат ата-анаға баласын қайтармайды, әрине. Бірақ мұндай сәтте бірде-бір отбасы өз қайғысымен жалғыз қалмауы керек. Біздің еліміз қашанда осындай сәтте өзінің бірлігін көрсеткен. Қаза тапқандардың туған-туыстарына және қарулас жолдастарына көңіл айтамын, оларға сабыр мен төзім тілеймін, — деп жазды Шахмұрат Мүтәліп Instagram-дағы парақшасында.

Еске салайық, 2026 жылғы 24 қыркүйекте Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші қаза тапқанын хабарлағанбыз. Үш әскери қызметші құтқарылды. Олардың біреуі ауруханаға жатқызылды.

Кейіннен Каспийде қаза болған әскери қызметшілердің саны 12-ге жетіп, екеуі іздестіріліп жатқаны хабарланды.

Қорғаныс министрлігі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің тізімін жариялады.

Әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеліп жатқанын жаздық.

Бұдан бөлек, Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеру жөніндегі үкіметтік комиссия құрылды. Комиссия құрамына қорғаныс министрі, Маңғыстау облысының әкімі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау, Көлік министрліктерінің басшылығы, Бас әскери прокурор, сондай-ақ шекара қызметінің өкілдері кірді.

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған комиссия Маңғыстау облысына барып, әлі табылмаған әскери қызметшілерді үздіксіз іздестіруді тапсырды.

Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезіндегі қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты.

Әскерилердің қазасынан кейін Ақтауда үш күнге жоспарланған мерекелік шаралар өтпейтіні айтылды.