Шакира Қырғызстанда концерт береді

АСТАНА. KAZINFORM — Әлемге танымал колумбиялық әнші Шакира Бішкекте концерт өткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлады.

Шакира
Фото: instagram.com/shakira

Әншінің Қырғызстанға баратыны туралы Қырғыз Республикасы президенті істер басқармасының басшысы Қаныбек Туманбаев әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Жеке концерт жаңа «Бішкек Арена» стадионында өтеді.

Жергілікті БАҚ-тың мәліметінше, қазір тараптар концертті ұйымдастыру бойынша шарттар мен шоудың нақты күнін келісіп жатыр.

Мұндай әлемдік деңгейдегі жұлдыздың келуі жаңа аренадағы екінші ірі музыкалық оқиға болмақ. Бұған дейін стадионда Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында америкалық әнші Николь Шерзингер өнер көрсеткен еді.

Еске салайық, 31 тамызда елордадағы жаңа «Бішкек Арена» стадионында VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтті.