Шақырту қағазы, медкомиссия, кейінге қалдыру: елде әскерге шақыру тәртібі қандай

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда әскерге шақыру бірнеше кезеңнен тұрады. Азаматқа шақырту қағазы жіберілгеннен кейін оның деректері нақтыланып, медициналық тексеру жүргізіледі және әскери қызметке жарамдылық санаты анықталады. Кей жағдайда әскерге шақыру мерзімін кейінге қалдыруға да болады. Әскерге шақырылушылар үшін негізгі тәртіптерді түсіндіреміз.

әскер, сарбаз
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Шақырту қағазы қалай беріледі?

Шақырту қағазы — азаматты жергілікті әскери басқару органына шақыру шараларына қатысуға міндеттейтін ресми құжат. Ол бірнеше жолмен беріледі.

Құжат азаматқа қол қойдыру арқылы жеке табысталуы мүмкін. Сонымен қатар жұмыс беруші немесе оқу орны арқылы жеткізіледі. Бұдан бөлек, цифрлық хабарламалар да қолданылады: шақырту eGov.kz порталындағы жеке кабинетке, eGov Mobile қосымшасына немесе SMS арқылы жіберіледі. Бұл тәртіп 2025 жылдан бастап заңды күшіне енді.

Шақырту қағазында әскери басқару органына келетін күн, уақыт және мекенжай көрсетіледі.

Құжатты алғаннан кейін азамат ондағы мәліметтерді тексеруі керек. Атап айтқанда, аты-жөні, мекенжайы, келу күні мен шақыру мақсаты дұрыс көрсетілгеніне көз жеткізген жөн. Сондай-ақ жеке куәлік, тіркеу куәлігі, білім туралы құжат немесе оқу орнынан анықтама, медициналық қорытындылар және кейінге қалдыруға негіз болатын құжаттар алдын ала дайындалуы қажет.

Шақырту алған адам бірден әскерге кете ме?

Жоқ. Шақырту қағазы азаматты бірден әскери бөлімге жіберуді білдірмейді.

Әдетте шақырту деректерді нақтылау, медициналық тексеруден өту, әскери қызметке жарамдылық санатын анықтау және кейінге қалдыруға негіз бар-жоғын тексеру үшін беріледі.

Сондықтан шақырту алған азамат белгіленген уақытта әскери басқару органына барып, қажетті рәсімдерден өтуі керек.

Дәлелді себепсіз шақырту бойынша келмеген жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Ал әскерге шақырудан жүйелі түрде жалтару қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

Кімдерге кейінге қалдыруға болады?

Әскерге шақыру мерзімін кейінге қалдыру бірнеше жағдайда қарастырылған. Олардың қатарында:

  • отбасы жағдайлары;

  • білім алуды жалғастыру;

  • денсаулық жағдайы;

  • ауылдық жерлерде жұмыс істейтін педагогтер мен дәрігерлер;

  • депутаттар;

  • азаматтық авиация және кеме экипаждарының мүшелері;

  • құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында алғашқы кәсіптік даярлықтан өтіп жатқан адамдар бар.

Кейінге қалдыруды рәсімдеу үшін оны растайтын құжаттарды ұсыну қажет. Соңғы шешімді әскерге шақыру комиссиясы қабылдайды.

Шетелде оқып жүргендер не істеуі керек?

Егер әскерге шақырылушы шетелдегі оқу орнында күндізгі бөлімде білім алып жүрсе, әскерге шақыру мерзімін кейінге қалдыруға өтініш бере алады.

Ол үшін оқу орнынан анықтама алып, eGov.kz порталы арқылы өтініш беру қажет. Қажет болған жағдайда анықтама қазақ немесе орыс тіліне нотариалды куәландырылған аудармасымен бірге ұсынылады.

Өтінішті қарау қорытындысы бойынша шешімді әскерге шақыру комиссиясы қабылдайды.

Белгіленген уақытта келе алмаса, не істеу керек?

Егер азамат шақыртуда көрсетілген уақытта келе алмайтын болса, жергілікті әскери басқару органына алдын ала хабарлап, келмеу себебін құжатпен растауы қажет.

Мысалы, денсаулығына байланысты келе алмаған жағдайда медициналық анықтама, ал оқу немесе жұмысқа қатысты себеп болса, оны растайтын тиісті құжат ұсынылады, яғни шақырту алғаннан кейін ең бастысы — көрсетілген талаптарды орындап, қажет құжаттарды уақытында дайындау. Бұл әскерге шақыру рәсімінің белгіленген тәртіппен өтуіне мүмкіндік береді.

Еске салайық, мұның алдында мерзімді әскери қызметке шақыру тәртібіне қандай өзгерістер енгізілгені жөнінде жазған едік.