Шалғайдағы халыққа қызмет көрсететiн 180 жылжымалы орталық бар - Т.Дүйсенова

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шалғай елдi мекендерде тұратын азамттарды әлеуметтiк қамсыздандыру үшiн 180-нен астам жылжымалы қызмет көрсету орталықтары бар. Бұл туралы бүгiн "Әлеуметтiк қамсыздандырудың мақсаттарына жетудегi ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласының стандарттары мен бiрыңғай шешiмдерiн қабылдау жолдары" атты халықаралық конференция барысында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтiк даму министрi Тамара Дүйсенова мәлiм еттi.
None
None

"Қазiр бiзде 180-нен артық жылжымалы қызмет көрсету орталығы бар. Бұл жобаны жалпы Халыққа қызмет көрсету орталықтары және Қазпоштамен бiрге жүзеге асырамыз. Осы тараптар арасында жасалған меморандум шалғайда тұратын азаматтарға әлеуметтiк қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтердi ұсынуға негiзделген. Яғни, зейнетақы тағайындау, мүгедектiгi жөнiнде жәрдемақы тағайындау, асыраушысынан айырылған отбасыларға жәрдемақы беру сияқты қызметтердi осы жылжымалы пункттер рәсiмдейдi", -деп түсiндiрдi Т.Дүйсенова.

Министрдiң айтуынша, ведомство әлеуметтiк қамсыздандыру саласында 12 қызметтi электронды түрге жүйелеп, 15 қызметтi автоматтандырған.

"Биыл 12 қызметтi электронды түрге ауыстырдық, 15 қызметтi толық автоматтандырдық. Ендi азаматтар сол автоматтандырылған қызметтерге қол жеткiзу үшiн жергiлiктi жерлерде осы мәселенi көтерейiк деп шештiк. Себебi, азаматтардың аудан орталығына келiп, мысалы, зейнетақы бойынша құжаттарын жинап-теруiне ұзақ уақыт кетедi. Тiптi, бiр жәрдемақыны тоқтату үшiн бiрнеше мемлекеттiк органға барады. Сондықтан, жылжымалы қызмет көрсету орталықтары шалғайдағы азамттарға тұрып жатқан жерiнде көмек көрсетудi көздейдi. Қазiргi таңда осындай қызметпен 5000-нан артық елдi мекен қамтылған. Бүгiнгi таңда 10 мыңға жуық ауыл азаматының құжаттары қабылданған", - деп атап өттi министр.

Соңғы жаңалықтар