Шәмші әулеті композитор әндеріне сөз жазған авторлардың ұрпағына іздеу салады
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжілісте креативті индустрияны дамытуға арналған заң жобасы әзірленіп жатыр. Жұмыс тобы бұл құжат авторлық құқық мәселесін де жолға қоятындығын айтады. Шәмші Қалдаяқовтың келіні, «Шәмші әлемі» қорының атқарушы директоры, Ботагөз Қалдаяқова да осы жұмыс тобының мүшесі. Шәмші мұрасын түгендеп жүрген қаржы маманынан осы саланың өзекті проблемалары туралы сұхбат алған едік.

«Үш баламыз да атасының жолын қуып жүр»
- «Шәмшінің келіні» деген сөз сіз үшін статус па, жауапкершілік пе әлде жай ғана туыстық атау ма?
- Әрине, мәртебеден гөрі жауапкершілігі басым. Сол жауапкершілікті сезінгендіктен шығар, үш баламызды да музыкаға баулып жатырмыз. Аталары салып кеткен керемет жолды абыроймен жалғастырса деген үмітіміз бар.
- Өзіңіз Шәмші атаңыздың көзін көрдіңіз бе?
- Шәмші атамыз 1992 жылы өмірден өтті. Ол кезде Мұхтар 26 жаста болған. Бірақ кештеу үйленген. Біз 2004 жылы отау құрдық. Қазір үш баламыз бар – екі ұл, бір қыз. Үшеуі де скрипкашы. Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық музыка мектебінде оқиды. Әкелері де сол мектептің түлегі, скрипкашы. Үлкен қызымыз Алина биыл мектеп бітіреді. Абай 16-да, Нұрсұлтан 11-де. Мен Тобықтының қызымын. Бір баламыздың атын Абай деп қойғанымыздың осындай да бір себебі бар. Мұхтардың Абай атындағы опера және балет театрында дирижер болып жұмыс істеп келе жатқанына 29 жыл болыпты.

- Сіздің мамандығыңыз қаржыгер екен. Кезінде үлкен қызметтерде де жүріпсіз. Шәмші Қалдаяқовтың мұрасына жауапты кәсіпке бет бұруыңызға жолдасыңыз ықпал етті ме?
- Мен әуелде Philip Morris, Pepsi сияқты ірі компаниялардың серіктесі болған халықаралық жарнама агенттігінде қаржы директоры болып жұмыс істедім. Қаржы айналымы үлкен еді, яғни қаржы нарығындағы халықаралық стандарттардың бәрін білемін. Авторлық құқық туралы заңмен талай жұмыс істедім. Осы тәжірибені енді Шәмші атамыздың мұрасын сақтауға пайдаланып жүрмін.
- Қазақстанда ресми жұмыс істеп келе жатқан неше авторлық қоғам бар? Ресми тіркелмей жұмыс істеп жүргендері бар ма?
- Ол жайында жаңа заң жобасын талқылаған кезде айтайық.
- Жақсы, авторлық қоғамдардың өзінен сұраса, мардымды табысымыз жоқ деп шағымданады. Ал оның жұмысына көңілі толмайтындар миллиардтап табыс тауып жатқанын айтады. Осы екі аргументтің қайсысы шындыққа жақын? Жалпы авторлық қоғамдардың жылдық қаражат айналымы неше теңге болады деп ойлайсыз?
- Оны тап басып айту қиын. Мен сізге телеарналардың мысалында түсіндіріп көрейін. Телеарналардың жылдық креативті контент айналымы дейтін ұғым бар. Осы ақшаның 1 пайызын авторлық қоғамдарға төлеу керек. Ол 1 пайыз ақшамен бірге, есепті кезеңде қай автордың, қай туындысы, неше рет телеарнадан берілгенін көрсететін есеп жолдайды. Мысалы, үш айдың ішінде Шәмші Қалдаяқовтың «Өмір өзен» әні 25 рет, «Ақ бантик» әні 100 рет шырқалды деген сияқты есеп беріледі.
Мысалы, жетекші телеарнаның авторлық туындыларды бір жылдың ішінде көрсету айналымы 7 млрд теңге десек, соның 1 пайызы ретінде 70 млн теңгені авторлық қоғамға, Қазақстан авторларының қоғамына («ҚазАҚ») төлейді. Бұл жерде біз бір телеарнаның ғана аударатын қаражатын шамамен айтып отырмыз. Елімізде осындай қанша ресурс бар екенін өзіңіз есептей беріңіз. Авторлық қоғамдар осы соманың 30 пайызын өзіне қалдырады. Жұмысшылардың айлығына, бухгалтерлік жұмыс жүргізуге, басқару жұмыстарына деп операциялық шығындарға жұмсауға хақылы. Қалған 70 пайызын Шәмші Қалдаяқовтан бастап Қайрат Нұртастарға дейін, автордың бәріне кімнің туындысы, қанша ойнатылғанына қарай таратады.
- Мәжілісте креативті индустрияны дамытуға арналған заң жобасын талқылауға қатысқан кезде біраз ұсынысыңызды айта алмай кеткендей көріндіңіз. Депутаттар әзірлеп жатқан заң жобасында қандай нормалар сізге ұнады, қайсысы ұнаған жоқ?
- Ұсынылып отырған заң жобасын әзірлегендер елдегі авторлық қоғамдарды бүгінгі заманның талабына сай келмейтін ұйымдар деп отыр. Елде 15 авторлық қоғам бар деп есептеледі. Әрине, бұл көп деп ойлаймын. Санын қысқартып, сапасын көтеруіміз керек. Ол үшін аккредиттеу тәсілін енгізу керек. Әділет министрлігінен, Мәдениет және ақпарат министрлігінен рұқсат беретін құжаттарды рәсімдеу керек. Мемлекеттік органдардың қолында авторлық қоғамдарды әлеуетіне қарап іріктейтін, авторлармен шынайы жұмыс істей алатындарына ғана авторлық қоғам статусын беретін өлшемшарт болу керек. Менің білуімше, қазір сол 15 авторлық қоғамның кейбірінде ресми рұқсат та жоқ.
- Депутаттар авторлық қоғамдардың функциясын мемлекетке бермекші ме?
- Солай сияқты. Мемлекеттік органға немесе мемлекеттік кәсіпорынға бермекші. Ол жағын әлі ашып айтпады. Бәлкім «Қазпатентке» жүктейтін шығар.
- Сонда мемлекет телеарналарға, радиоларға мемлекеттік тапсырыс аясында бөлген қаржының бір бөлігін авторлық құқық аясында өзіне қайтарып ала ма?
- Авторлық қоғамдардың функциясы авторлық туындылардың орындалуынан түскен сыйақыны жинап, басым бөлігін авторлар мен мұрагерлерге тарату ғой. Осы функцияны мемлекетке бермек.
- Бұл сіздерге ұнамай ма?
- Біз қарсымыз. Өйткені мемлекет активтерді сәтті басқара алмайды. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының маңындағы шуды, МӘМС жүйесін алайық. Ел ішінде сын мен күмән көп.
- Одан да авторлық қоғамдарды іріктеп, солармен жұмыс істей берейік дейсіз бе?
- Иә. 3-4 авторлық қоғамды ғана қалдырып, олардың бүкіл қаржы операциясын, есебін цифрландыру керек. Egov-тегі сияқты әр автордың, заңды мұрагердің жеке кабинеті болсын. Сонда қай автордың, қай туындысы, қай ресурста, неше рет ойнатылғаны, контент таратушы көз авторлық сыйақы ретінде қанша қаражат аударғаны ашық болар еді. Қазір ол есептің бәрі қағазда. Ал «қағаз бәрін көтереді» дейтін тәмсілдің мағынасын білесіз...
«Авторлық қоғамдар кейінгі 3 жылда Мұхтар Шахановқа бір теңге де сыйақы төлемеген»
- Шәмші әулеті композитордың авторлық сыйақысынан жыл сайын неше теңге табыс алып отыр? Ол табысты әулет мүшелері қалай бөлісіп жүр?
- Шәмші атамыздың Мұхтардан басқа тағы бір ұлы мен 92 жастағы жары да заңды мұрагер болып есептеледі. Қазір Қазақстан авторлары қоғамын Балнұр Қыдырбек басқарып отыр. Бәлкім жақсы композитор шығар, бірақ басқарушы ретіндегі жұмысына сұрақ көп. Мысалы, Шәмші атамыздың үш мұрагерінің бірі ретінде Мұхтарға үш айда 20 мың теңге төлеп отыр. Жазда ең көп төлегені 30 мың теңге болды. Кейде ештеңе төлемей қояды. Қазір біз олармен соттасып жатырмыз. Сондықтан бүкіл мән-жайды ашып айта алмаймын. Бірақ сұрақ көп. Мысалы, тойханаларда да Шәмші атамыздың әні өте көп орындалады. Бірақ ол жақтан ақша қалай келіп жатқанын, кімге келіп жатқанын білмейміз.
- Депутаттар авторлық қоғамдарды цифрлық алаңға шығаруға қарсы ма сонда?
- Әзірге нақты ұстанымдары түсініксіз. Авторлық қоғамдарды жойып, орнына мемлекеттік операторды қойғылары келіп отыр.
- Елімізде Абайдың кітаптары ең көп сатылады екен. Одан бергі Алаш арыстарының әдеби, публицистикалық мұрасын қайта басып шығарып, ақын-жазушылардың шығармасын кітап етіп басып, пайда тауып жүрген жекеменшік баспалар бар. Ал тойларда Құрманғазының «Адайынсыз» дастарханға ас келмейді. Осы авторлардың құқығын қорғап жүрген біреу бар ма?
- Қазіргі заң бойынша автор өмірден өтсе, мұрагерлік құқық оның жұбайы мен балаларына теңдей үлеспен сақталады. Мысалы, үш ай сайын бір авторға 100 мың теңге авторлық сыйақы тиесілі болса, артында қалған екі баласы мен әйеліне 33 мың теңгеден беріледі деген сөз. Сіз айтып отырған адамдардың өмірден өткеніне ғасырдан астам уақыт өтіп кеткен. Автор көз жұмғаннан кейін 70 жыл өткенде оның мұрасы заң бойынша халық мұрасына айналады. Шәмші атамыз 1992 жылы кетті деп отырмыз ғой. 2062 жылдан кейін оның мұрасы да халыққа ортақ мұраға айналады, яғни ол кезде ұрпағы авторлық сыйақы талап ете алмайды.
- Шәмші әндеріне ең көп мәтін жазған ақындармен, олардың мұрагерлерімен байланысыңыз бар ма? Олар авторлық сыйақы алып отыр ма?
- Біз Шәмші Қалдаяқовтың негізгі хит әндеріне сөз жазған ақындармен байланыс орнатып жатырмыз. Әрине, бірінші кезекте Мұхтар Шахановпен, оның жарымен тығыз байланыс бар. Одан кейін Төлеген Айбергеновтің мұрагерлерімен, Қадыр Мырза Әлінің балаларымен, Жұмекен Нәжімеденовтің ұлымен, Тұманбай Молдағалиевтің балаларымен, Нұрсұлтан Әлімқұловтың, Сабырхан Асановтың ұрпағымен байланыс орнатып жатырмыз.
Қазір енді Мұзафар Әлімбаевтың ұрпақтарын іздеп жатырмыз. Таба алмай жүргенімізге біраз болды. Оларды да өз командамызға қосып алсақ дегенбіз. Жазушылар одағы арқылы іздеп те таба алмай қойған авторлар бар. Мысалы, Мачекин деген адам Шәмші атамызбен бірге ән жазған. Орайы келгенде, осы адамдардың ұрпақтарына іздеу салатынымызды айта кеткім келеді.
Оларды біз аталарымыздың авторлық құқығын бірге қорғап, солардың арасындағы шығармашылық байланысты, әулеттер арасындағы достыққа ұластырсақ деген ниетпен іздестіріп жатырмыз. Мысалы, Мұхтар Шаханов кейінгі үш жылда Қазақстан авторлар қоғамынан бірде-бір теңге авторлық сыйақы алмағанын айтып отыр. Көзі тірі Мұхтар ағамыздың жағдайы осындай болғанда, басқа авторлардың жағдайын өзіңіз ойлай беріңіз.
Қадыр Мырза Әлінің ұрпақтары да авторлық қоғаммен соттасқанын білемін. Төлеген Айбергеновтің қызы Салтанат бір тоқсанда кейде 3 мың теңге, кейде 25 мың теңге түсетінін айтты. Қысқасы, тоқсанына 25 мың теңгеден жоғары алып көрмеген.
Одан кейін сол авторлар арқылы Шәмші атамыздың мұрасын нақты түгендеуге болады деп ойлаймыз. Мысалы, атамыздың көзі тірі кезінде әндер жинағына 55 туынды кірген. Сол жинаққа кірмей қалған 2-3 қолжазба бар деп жүретінбіз. Шын мәнінде, Шәмші атамыз сазын жазған әндердің саны 72 болып шықты. Осы әндердің көбін тең авторлардың ұрпақтары арқылы тауып жатырмыз. Әлі де елге танылмай қалған әндері болуы мүмкін. Біз тапқан әндер елге танылмағанымен сазы, әуезі өте тартымды. Олар да халық көзайымына айналуға лайық деп отырмыз. Сондай әндерді қазіргі әншілерге беріп, бір концерт өткізсек деген жоспарымыз бар. Атамыздың тең авторларын іздеудегі бір мақсатымыз осы.
- Ал YouTube арналар, лейблдер мен чарттар, мейрамханалар, тойханалар мен мәдениет үйлері, театрлар қалай авторлық сыйақы төлеп жүр. Сіздіңше, бұл контент көздері авторлармен қалай жұмыс істеу керек?
- Сіз атаған көздердегі пираттық контентті монетизациялап жүргендер көп. Ешкімнен рұқсат сұрап жатқан жоқ. Өзіміздің қор арқылы Шәмші әлеміне байланысы бар авторларды, авторлардың мұрагерлерін жинап, олармен дұрыс жұмысты жолға қойғымыз келеді. Авторлық қоғамдар арқылы емес, қор ретінде лейблдермен тікелей жұмыс істемекшіміз. Мысалы, Ozen лейблімен Шәмші әндерін тарату бағытында тікелей келісімшартымыз бар. Құдай қаласа, бір айдың ішінде солармен бірге Шәмші әндерінің тұтас альбомын шығарамыз. Эстрадалық-симфониялақ оркестрмен бірге жазып, әндерді қайта таспаға түсіргенбіз. Тіпті, Мәскеудегі мамандардың көмегіне жүгіндік. Сапасына сеніп отырмыз.
- Тойханалардан қанша сыйақы алып отырсыздар?
- Тойханалар да, мәдениет үйлері мен филармониялар де автолық қоғамдармен жұмыс істейді. Авторлық қоғамдардың әр қалада өкілдері бар. Солар өз қаласындағы тойханаларды қадағалап, тиесілі авторлық сыйақыны жинап отыруы керек. Мұнда да сол жиналған ақшаның 30 пайызын авторлық қоғамы өзі алып, 70 пайызын авторларға теңдей бөліп беруі керек. Бірақ тойханаларда не болып жатқаны бізге жұмбақ. Өйткені есептің бәрі қағаз жүзінде жүргізіледі. Быт-шыт бәрі. Саланы цифрландыру керек деп отырғанымыз сол. Оның шешімі бар, Audoo платформасы деп аталады. Осы платформа арқылы мерекелік шаралар мен той-жиындарда орындалатын туындылардың айналымын реттеуге болады.
- YouTube-те Шәмші әндері рұқсатсыз көрсетіліп жатқанын айттыңыз ғой. Біз бұл ресурсты авторлық құқықты қатты сақтайды деп білеміз. Сонда қазақ авторларының құқығы мұнда да қорғалмаған ба?
- YouTube-те тек Шәмші атамыздың ғана әндерін рұқсатсыз пайдаланып жүрген 100-ге жуық «пират» бар. Біз оларды да Ozen лейблі арқылы тәртіпке шақырайық деп отырмыз. Олармен енді Ozen мамандары айналысады.


P.S. Сұхбат соңында Ботагөз Қалдаяқова бізден Шәмші әулеті байланыс орнатқысы келетін авторлардың тізімін жариялауымызды өтінді. Олардың ішінде көзі тірі қаламгерлер де бар. Б. Қалдаяқова хабарласуларын (+7 701 034 4560) өтінеді. Іздеу салудағы мақсаты - Шәмші Қалдаяқовтың елге танылмай қалған әндерін тауып, композитормен тандем құрып жұмыс істеген қаламгерлердің авторлық құқығын бірлесіп қорғау.
- Гусман Ахмедзянов
- Махмуд Хусаинов
- Максутбек Манчекин
- Зейнолла Шүкіров
- Еркеш Ибрагим
- Қуандық Шаңғытбаев
- Нұтфолла Шәкенов
- Қосжан Мүсірепов
- Қабдікәрім Ыдырысов
- Әділбек Абайділданов
- Ақұштап Бақтыгереева