Шанхай шындығы: Жасанды интеллект әлемінде Қазақстанның орны қандай
АСТАНА. KAZINFORM – Шанхайда өткен Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясы Қазақстан үшін жаңа технологиялық кезеңнің басталғанын аңғартты. Себебі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары барысында цифрландыру мен жасанды интеллектіге ерекше маңыз берілді. Еліміз бұл мүмкіндікті қалай пайдаланады және цифрлық трансформация экономикаға әсер ете ме? Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысы сауалға жауап іздеді.
Технология тоғысы
Ресми түрде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары жұмыс сапары ретінде ұйымдастырылды. Бірақ Қытай тарапының көрсеткен ерекше құрметі, кездесулердің ауқымы мен қол жеткізген келісімдердің деңгейі ресми сапардан кем болған жоқ. Оның үстіне Президент Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясының ең мәртебелі шетелдік қонақтарының бірі атанды. Ол конференцияның ашылуында Қытай Төрағасы Си Цзиньпиннен кейін сөз сөйлеп, Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы халықаралық рөлінің күшейіп келе жатқанын аңғартты.
Сапардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын Президенттің Шанхайға келген сәтінен-ақ байқадық. Қасым-Жомарт Тоқаевты Шанхай әуежайында Қытайдың жетекші ақпарат құралдарының 40-тан астам журналисі қарсы алды. Мұндай көрініс жұмыс сапарлары кезінде жиі кездесе бермейді. Бұл Қытай тарапының қазақ еліне ерекше мән бергенін әрі мемлекет көшбасшысының ат басын бұрғанына ризашылығы іспетті.
Президенттің барлық кездесуі Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясы қарсаңында өткені белгілі. Бұл жиын жасанды интеллектінің келешегін талқылайтын әлемдегі жетекші халықаралық алаңның бірі саналады.
Екі ел көшбасшылары арасындағы келіссөздердің форматы да ерекше. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпиннің кездесуі бастапқыда жоспарланған уақыттан екі есе ұзаққа созылып, тура бір сағатқа жалғасты. Дипломатиялық тәжірибеде келіссөздердің осылайша ұзартылуы тараптардың өзара сенімін, сондай-ақ стратегиялық мәселелерді жан-жақты талқылауға деген ынтасын білдіретін маңызды белгі. Әсіресе, сапардың ресми түрде жұмыс сапары мәртебесінде өткенін ескерсек, бұл жайттың мәні одан сайын арта түспек.
Жүздесу барысында Мемлекет басшысы Қытай көшбасшысына Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясына шақырғаны үшін алғыс айтып, Аспанасты елінің әлемдік саяси аренадағы маңызына ерекше тоқталды.
– Қытайдың халықаралық қауымдастық алдындағы беделі зор және оның жетістіктерін бүкіл әлем мойындайды. Қазіргі таңда еліңізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды өзгерістерді бәріміз үлкен қызығушылықпен қараймыз. Бұл, ең алдымен, Сіздің көреген басшылығыңыз бен қажырлы еңбегіңіздің арқасы деп санаймын. Өзіңізді халқын алға бастап келе жатқан тегеурінді көшбасшы және жаһандық деңгейдегі парасатты саясаткер ретінде ерекше құрметтеймін. Сіз көтерген игі бастамаларды қолдауға әрқашан дайынбыз. Қазақстан Қытаймен мәңгілік әрі стратегиялық серіктестікті жан-жақты нығайта беруге қашанда мүдделі, – деді Президент.
Жүздесуде екіжақты саяси диалогқа оң баға берілді. Бұған Қытайдың еліміздің ең ірі сауда серіктесі болғаны да сеп болып отыр. Осы уақытқа дейін ҚХР еліміздің экономикасына 30 миллиард доллар инвестиция салса, былтыр еларалық сауда-саттық көлемі 49 миллиард долларға жетті. Қазір Қазақстанда 8,5 мыңнан аса Қытай компаниясы жемісті жұмыс істеп жатыр. Өнеркәсіп, энергетика, газ-химия, машина жасау және ауыл шаруашылығы секілді экономиканың түрлі секторында бірлескен ірі жобалар жүзеге асырылуда.
– Бірлескен күш-жігердің арқасында Қытай мен Қазақстанның мәңгі әрі жан-жақты стратегиялық серіктестігі жоғары деңгейге жетті. Өзара ықпалдастықты дамытудың әлеуеті өте зор. Қазақстан Президенті Қытаймен достық саясат жүргізіп отыр. Бұл халықтарымыздың мүддесіне сай келеді, – деді Си Цзиньпин.
Бұл – жай лебіз емес, Еуразияның жаңа технологиялық архитектурасын қалыптастыруда Қытай Қазақстанды негізгі стратегиялық серіктестің бірі ретінде қарастырады деген сөз. Яғни, Бейжің үшін еліміз Орталық Азиядағы сауда мен транзит саласында одақтас деңгейінен әрі асты.
Сөзімізге келіссөз нәтижесі себеп. Сапар қарсаңында Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасында 2027–2030 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы мен Жол картасына қол қойылды. Бұл құжат екіжақты әріптестіктің ұзақ мерзімді бағытын айқындап, жаңа инвестициялық және технологиялық жобаларды жүзеге асыруға мұрындық болады.
Саяси уағдаластық нақты жобалармен нығая түсті. Осы жолы жалпы құны 15 млрд доллардан асатын 70-тен астам коммерциялық келісім жасалды. Олар қатарында жасанды интеллект, цифрландыру, Data-орталықтар салу, электр көлік шығару, робототехника, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту секілді маңызды жобалар бар. Уағда райын байқасақ, екі ел дәстүрлі сауда мен инфрақұрылымға негізделген үлгіден технологиялық әріптестікке бет бұрып жатқандай.
Президент мәдени-гуманитарлық байланыстың жылдан жылға нығайып келе жатқанын да атаусыз қалдырмады.
– Былтыр Қазақстанға 1 миллионнан астам Қытай азаматы сапарлап келді. Екі ел астаналарында мәдени орталықтар ашылды. Елімізде Лу Бань шеберханалары табысты жұмыс істеуде. Бұл – қос халықтың арасында қалыптасқан достық пен өзара сенімнің тағы бір айғағы, – деді.Мемлекет басшысы.
ҚР СІМ жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институтының басқарма төрағасының орынбасары Манарбек Қабазиевтің айтуынша, сапар қорытындысы Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының жаңа саяси кезеңге өткенін көрсетті.
– Мемлекет басшысы жоғары деңгейдегі келіссөздер өткізді, Қытайдың жетекші технологиялық корпорацияларының басшыларымен кездесті, іскерлік іс-шараларға қатысты. Оған қоса Шанхайда өткен Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясының ашылуында Қытай Төрағасы Си Цзиньпиннен кейін сөз сөйледі. Мұндай формат - екі ел арасындағы сенім деңгейін және Қазақстанның Қытайдың сыртқы саясатындағы маңызын білдіретін саяси белгі, – дейді сарапшы.
Достықтың жаңа дәуірі
Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың жоғары технологиялық компаниялары басшыларымен өткен дөңгелек үстелде сөзін қытай тілінде бастады. Бұл әрекетті қатысушылар жылы қабылдап, дипломатиялық деңгейдің озық үлгісін көрсеткен сәт лезде интернет желісінде кең тарап кетті. Жалпы, Мемлекет басшысының қытай тілін еркін меңгеруін тек білім санатында бағалауға болмас. Мұндай тілдік дағды қазақ-қытай арасындағы сенімді нығайтып, жоғары деңгейдегі саяси және іскерлік диалогты тереңдететін маңызды артықшылық екені анық.
Қытай жұртшылығының назарын аударған дүние – Президенттің сөз мазмұны ғана емес, оның қытай тілінде еркін сөйлеуі . Жергілікті БАҚ өкілдерінің айтуынша, «аспанасты елінің ескі досы қытай тілін тамаша меңгерген». Сапар барысында Қасым-Жомарт Тоқаев іскерлік кездесуде де, ресми іс-шарада да қытайлық әріптестерімен қытайша бірнеше мәрте тілдесті.
Мемлекет басшысының қытай тілін жоғары деңгейде меңгеруі заңды құбылыс. Жастық шағында ол Бейжің тіл және мәдениет университетінде білім алып, кейін Қытайда дипломат ретінде қызмет атқарған. Жалпы алғанда, оның оқуы мен кәсіби қызметі Қытаймен сегіз жылға жуық уақыт бойы тығыз байланысты болды.
Сондықтан қытайлық сарапшылар мен бұқаралық ақпарат құралдары Қасым-Жомарт Тоқаевты қытай халқымен достық қарым-қатынасы қалыптасқан тұлға әрі әлем көшбасшыларының арасындағы Қытайды ең жақсы білетін саясаткерлердің бірі ретінде жиі сипаттайды.
– Екіжақты байланыстарымыз бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді. Біз Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының жаңа «алтын отыз жылдығына» бірге қадам бастық. Елдеріміздің ықпалдастығы мүлде жаңа сапалық деңгейге шықты деп айтуға болады. Халықтарымыздың арасында өзара сенім, шынайы достық және болашаққа деген ортақ ұстаным бар. Орайлы сәтті пайдалана отырып, елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға өлшеусіз үлес қосқаны үшін қадірлі досым, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мырзаға зор алғыс айтқым келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дің Азия зерттеулері бөлімінің аға сарапшысы Жадыра Әсетқызының айтуынша, бүгінде Астана-Бейжің арасындағы әріптестік сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеріліп отыр.
– Бұған дейінгі кезеңдерде екіжақты келіссөздер энергетика, сауда, көлік инфрақұрылымы және инвестиция тарту мәселелеріне арналатын. Қазіргі таңда өнеркәсіптік жасанды интеллект, робототехника, деректер орталығын құру, электр көліктер мен аккумуляторлар, автокөлік өндірісі саласы көп айтылуда. Бірлескен ғылыми-зерттеу және білім беру құрылымдарын дамыту жайын да естідік, – деді сарапшы.
Жасанды интеллект жөніндегі жаһандық пікірталас
Президент Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясына (WAIC) қатысқанын айттық. Форумда сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың жаһандық жасанды интеллект индустриясын дамытудағы жетекші рөлін жоғары бағалады.
Қазақстанның форумдағы ерекше мәртебесін тағы бір жайт айқын көрсетті. Қасым-Жомарт Тоқаев конференцияда Қытай Төрағасы Си Цзиньпиннен кейін баяндама оқыды. Мұндай кезектілік халықаралық іс-шарада қонаққа көрсетілетін ерекше құрметтің белгісі саналады. Осылайша, Қазақстан жасанды интеллекттің болашағы талқыланған әлемдік деңгейдегі негізгі пікірталасқа қатысқан маңызды мемлекеттің қатарынан көрінді.
– Бүгінде дүние жүзіндегі жасанды интеллектіні зерттеушілердің жартысынан астамы – Қытай елінің өкілдері. ЖИ саласындағы патенттердің басым бөлігі қытайлық жаңашыл мамандарға тиесілі. Ал елдің қарқынды инновациялық экожүйесі озық технологиялардың көптеген бағытында соны серпіліс жасауда, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясында жарияланған «Барша адамзат игілігіне қызмет ететін ЖИ» тұжырымдамасына қолдау білдірді.
Айта кетерлігі, форумда жасанды интеллектіні реттейтін ұлттық саясат пен заңдық тетігіне қатысты Қазақстан ұстанымы естілді. Президент ЖИ жүйелерін тестілеу мен сертификаттаудың ортақ стандарттарын түзу, жасанды интеллектіні теріс мақсатқа пайдаланудың алдын алу жайын айтты. Соның ішінде кибершабуыл, дипфейк, цифрлық алаяқтықтан қорғайтын пәрменді шаралар әзірлеу қажетін меңзеді. Тіпті келесі жылды екі елде Жасанды интеллект саласындағы бірлескен бастамалар жылы деп жариялауды ұсынған болатын.
Мемлекет басшысы жақында Алматыда БҰҰ ЭСКАТО жанынан орнықты даму мақсаттарына арналған Азия-Тынық мұхиты цифрлық шешімдер орталығы ашылатынын мәлімдеді. Оған қоса Дүнижүзілік жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық ұйымының алғашқы отырысын Астанада өткізуді және құрылымның Орталық Азиядағы өкілдігін Қазақстанда ашуды ұсынды.
Мұндай үсті-үстіне айтылған идея сөз ретінен гөрі болашақ инвестицияның іргесін қалауға құлшынысқа көп ұқсайды. Себебі БҰҰ деректеріне сәйкес, жасанды интеллект инфрақұрылымы мен оған қатысты технологияларға салынатын инвестиция жыл сайын 47 пайызға өсіп келеді. Ал 2033 жылға қарай жаһандық жасанды интеллект нарығының көлемі шамамен 5 триллион долларға жетуі мүмкін.
Data Center Valley – цифрлық келешек
Инвестиция дегеннен шығады, сапар барысында қытайлық инвесторларға отандық ЖИ жобалар таныстырылды. Соның бірі – Екібастұзда жүзеге асырылатын Data Center Valley жобасы. Президент бұл бастаманы ел үшін ғана емес, Орталық Азия өңірі үшін де стратегиялық маңызы жоғары деп атады.
– Аталған жоба Қазақстан мен бүкіл Орталық Азия цифрлық инфрақұрылымының негізгі тірегі болады деп санаймыз. Басты мақсат – деректерді өңдеу орталықтарын, бұлтты сервистерді және жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуға арналған халықаралық деңгейдегі платформа қалыптастыру, – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, жоба тек деректерді өңдеу орталықтарын салумен ғана шектелмейді.
– Біз біртұтас инновациялық экожүйе қалыптастыруды көздеп отырмыз. Сол арқылы суперкомпьютердің қуаты, жасанды интеллект зертханалары, ғылыми-зерттеу ұйымдары, білім беру бағдарламалары, стартаптар мен экспортқа бағытталған цифрлық қызметтер бір арнаға тоғысады, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Демек, ендігі жерде Қазақстан тек транзиттік ағын үшін ғана емес, өңірдегі цифрлық инфрақұрылым мен жоғары өнімді есептеу қуатын орналастыру бойынша да бәсекеге ниетті.
Киберқауіпсіздік және цифрлық технологиялар саласының сарапшысы Евгений Питолиннің пікірінше, Қазақстанның өңірдің жасанды интеллект хабына айналуына толық мүмкіндік бар.
– Қазақстанның өңірлік көшбасшы әрі Шығыс пен Батысты жалғайтын цифрлық көпірге айналуына толық мүмкіндігі бар. Елде Data Center Valley, AI Research University секілді жобалар жүзеге асырылып, Alem.AI экожүйесі дамып келеді, заманауи цифрлық заңдар қабылданып жатыр. Мұның бәрі бәсекеге қабілетті инновациялық экожүйені қалыптастыруға негіз болады, — дейді Евгений Питолин.
Бұл бастама сапар барысында көтерілген ең ауқымды әрі өршіл ұсыныстың бірі болғанын жоққа шығара алмаймыз. Оның мақсаты – цифрлық сауданы дамыту ғана емес, сонымен қатар Қытайдың озық технологияларын отандық өнеркәсіпке, көлік саласына, денсаулық сақтау жүйесіне және экономиканың өзге де секторларына жедел енгізу.
Кейінгі жылдары еліміз жасанды интеллектіні болашақ экономикалық өсімнің басты қозғаушы күші ретінде қарастыратынын байқаймыз. Сондықтан нақты институционалдық шешімдер жүзеге асты. Атап айтқанда, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылып, «Жасанды интеллект туралы» заң, Цифрлық кодекс және 2029 жылға дейінгі жасанды интеллектіні дамыту тұжырымдамасы қабылданды.
Осылайша, жасанды интеллект енді мемлекеттік басқару мен экономиканың негізгі салаларын жаңғыртудың маңызды құралы ретінде қарастырылып отыр.
Экономикалық зерттеулер институтының Фискалдық саясат орталығы директорының орынбасары Эльмира Осипованың айтуынша, болашақта жасанды интеллект экономикаға орасан әсерін тигізуі ықтимал.
– Мемлекет басшысы жасанды интеллект пен цифрландыру жаңа экономикалық модельдің іргетасы екенін орынды атап өтті. Бүгінде Қазақстан жасанды интеллектіні экономиканың нақты өсім драйверіне ілгерілетіп келеді. Цифрлық және AI шешімдер экономиканы басқаруда нақты нәтиже бере бастады. Қаржы министрлігі бюджет, салық және фискалдық бақылау жүйелеріне жасанды интеллект құралдарын енгізуде. Ақпараттық жүйелер салық және кедендік әкімшілендіруді, қазынашылықты, мемлекеттік сатып алуды, стратегиялық жоспарлау мен аудитті қамтиды. Жалпы, жасанды интеллектіні енгізу мемлекеттік қаржыны басқаруды анағұрлым ашық әрі икемді етуге мүмкіндік береді, – деді Эльмира Осипова.
Smart Cargo және AgriTech: көлік-логистика мен ауыл шаруашылығы цифрлық форматқа көшуде
Бүгінде Қытай мен Еуропа арасындағы теміржол жүк тасымалының шамамен 85 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Алайда Президенттің айтуынша, қазіргі жағдайда көлік бағыттарының бәсекеге қабілеттілігі инфрақұрылым сапасымен ғана емес, деректерді өңдеу жылдамдығымен де айқындалады. Сондықтан Қазақстан мен Қытай көлік дәліздерін дамытуға цифрлық технологияларды қолдануы өзекті.
– XXI ғасырда көлік дәлізінің бәсекеге қабілетін инфрақұрылымның сапасымен өлшеу жеткіліксіз. Қазір мұндай жобалардың табысты болуы, ең алдымен, деректер алмасу жылдамдығына, цифрлық ықпалдастық деңгейіне және логистиканың ашықтығына байланысты. Сондықтан біз халықаралық жүк тасымалына арналған бірыңғай цифрлық экожүйенің негізін қалап жатырмыз, – деп қосты Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл бағыттағы басты жобалардың бірі – Smart Cargo платформасы. Ол кедендік рәсімдерді, логистикалық қызметпен коммерциялық сервистерді бірыңғай цифрлық ортаға біріктіруге мүмкіндік береді.
– Басты мақсат – Еуразияның бірыңғай цифрлық көлік кеңістігін қалыптастыру. Бір сөзбен, деректер цифрлық желі арқылы қалай тез жіберілсе, тауарлар да шекарадан дәл сондай жылдам әрі тиімді өтетін кеңістік құруымыз керек, – дейді Президент.
Шанхайдағы келіссөздің бір бөлігі AgriTech пен ауыл шаруашылығын цифрландыру мәселесіне арналды. Мемлекет басшысы заманауи технологияларды енгізудің арқасында Қазақстан екі жыл қатарынан рекордтық көлемде – 27 миллион тонна астық жинағанын атап өтті.
– Қазір елімізде 200-ден астам агроөнеркәсіп «ақылды ферма» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Тағы 650-ден астам шаруашылық цифрлық шешімдерді кезең-кезеңімен енгізуде. Біз Қазақстанды Орталық Азиядағы жетекші AgriTech хабы ретінде дамытуды көздеп отырмыз. Бұл мақсатқа жетудің төте жолы – жасанды интеллект, роботтандыру және Industry 4.0 технологиясын енгізу, – деді Президент.
All China Review: Орталық Азиядағы басты серіктес
Президенттің Шанхайға сапарын қытайлық All China Review іскерлік басылымы қапы жібермей, сараптамалық мақала жариялады. Онда Қазақстан Орталық Азиядағы экономикалық көшбасшы әрі Қытайдың өңірдегі ең сенімді серіктесі ретінде бағаланған.
Басылым мәліметінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 306 млрд долларға жетіп, Орталық Азия экономикасының 53,7 пайызын қамтыған. Салыстырмалы түрде алғанда, 2025 жылы Өзбекстанның ЖІӨ-сі – 147 млрд доллар, Түрікменстандікі – 77 млрд доллар, Қырғызстандікі – 21 млрд доллар, ал Тәжікстандікі – 17 млрд доллар болған еді.
Халықтың әл-ауқаты жағынан да Қазақстан өңірде алдыңғы орында. Елдегі жан басына шаққандағы ЖІӨ шамамен 15 мың долларды құраса, бұл көрсеткіш Өзбекстанда небәрі 3,8 мың доллар деңгейінде.
Қытайлық сарапшылар Қазақстанның инвестициялық тартымдылығына ерекше мән беруде. БҰҰ-ның Сауда және даму жөніндегі конференциясының (ЮНКТАД) дерегінше, Орталық Азиядағы 220,5 млрд доллар жинақталған тікелей шетелдік инвестицияның 151,3 млрд доллары, яғни шамамен 69 пайызы, Қазақстанға тиесілі.
Қытай Қазақстанды Еуразиядағы басты көлік-логистикалық торап ретінде де қарастырған. Қазір Қытай мен Еуропа арасындағы құрлық арқылы тасымалданатын жүктің шамамен 85 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Екі ел арасындағы сауда айналымы бүгінде 50 млрд долларға жуықтады. Ал алдағы жылдары көрсеткішті 100 млрд долларға жеткізу жоспарланып отыр.
«Қазақстан – өңірдегі ең ірі нарық қана емес, сонымен қатар Қытайдың Орталық Азиядағы стратегиялық маңызы ең жоғары серіктесінің бірі. Экономикасының ауқымы, әртараптандырылған құрылымы, дамыған қаржы жүйесі және өңірдің басты қақпасы ретіндегі рөлі Қазақстанды алдағы ұзақ жыл бойы Орталық Азияның жетекші экономикалық орталығы ретінде сақтап қалады», – деп жазды All China Review басылымы.
Бұл пікірдің Шанхайдағы жоғары деңгейдегі келіссөздер аясында жариялануы кездейсоқ емес. Маңыздысы, Астана мен Бейжің арасындағы байланыс транзит пен сауда шеңберінде қалмайтынын көрсетеді. Жоғары технологиялар, цифрлық экономика және жасанды интеллект салаларындағы бірлескен жобалар ендігі басымдық болмақ.
Жаңа технологиялық дәуірдің сын-тегеурініне бірлескен жауап
Саясаттанушы Мұрат Шамиловтың пікірінше, әлем технологиялық полицентризм дәуіріне қадам басты. Бұл кезең жаһандық дамудың негізгі бағытын әрі ықпал орталығын айқындайтын болады.
– Қытай әлемдік жасанды интеллект жүйесін құрушы елдің бірі. Дегенмен жасанды интеллектіні жаһандық деңгейде басқаруды бір мемлекеттің үстемдігімен ғана байланыстыруға болмайды. Әлем технологиялық полицентризм дәуіріне өтіп жатыр, онда басқару бірнеше орталыққа бөлінетін болады, – деп түсіндірді спикер.
Оның айтуынша, WAIC конференциясына қатысудың халықаралық тәжірибені бақылаудан да басқа берері бар. Жиында әр ел цифрландыру, жасанды интеллект, мемлекеттік басқару салаларында өз бастамаларын ұсына алады.
Манарбек Қабазиев Қазақстан-Қытай арасындағы саяси сенім жаңа технологиялық байланысқа жол ашты деп санайды. Екі мемлекет басшыларының тұрақты кездесуінен бөлек, БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК және «Орталық Азия – Қытай» форматы да ұзақ мерзімді жобаларды іске асыруға әсер еткен.
– Президенттің Қытайға сапары қос елдің байланысын жаңа арнаға бұрды деп бағалауға болады. Қазақстан-Қытай жаңа технологиялық дәуірдің сын-қатеріне бірлесіп қарсы тұруға дайын, – деп түйіндеді Манарбек Қабазиев.
Расында сарапшылардың пікірі бір арнада: сапар екіжақты ынтымақтастықтың жаңа моделін қалыптастырды. Енді жасанды интеллект, цифрлық экономика, ғылыми зерттеулер маңызға ие.
Мұндай ұстанымды Президент те айтты.
– Мақсатымыз – тек капитал тарту емес. Біз жаңа технологияларды бірлесіп әзірлеуге, ғылыми зерттеу орталықтарын құруға, жаңа өндірістік тізбек қалыптастыруға және болашақтың бағдары – білім экономикасын алға бастайтын адам капиталын дамытуға ұмтыламыз., – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осылайша, Шанхай сапары мәресіне жетті. 15 миллиард долларлық келісім жасалып, Data Center Valley жобасы мен болашақтың инновациялық қаласы – Алатау таныстырылды. Ең маңыздысы, Қазақстанның жаһандық жасанды интеллект экономикасындағы орны айшықталды. Сонымен қатар Қытайдың озық технологияны бөлісу ниеті мен еліміздің цифрлық даму стратегиясы екіжақты ынтымақтастықтың мазмұнына айналмақ.