Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Шанхай ынтымақтастық ұйымы ұлттық үйлестірушілер кеңесінің кезекті отырысы өтеді - СІМ

АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бейжіңде Шанхай ынтымақтастық ұйымы ұлттық үйлестірушілер кеңесінің кезекті отырысы өтеді. Бұл туралы бүгін елордада өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов мәлім етті.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы ұлттық үйлестірушілер кеңесінің кезекті отырысы өтеді - СІМ

«25-28 қаңтар аралығында Бейжіңде ШЫҰ хатшылығы базасында ұйымның ұлттық үйлестіруші кеңесінің кезекті отырысы өтеді», - деді ресми өкіл.

Оның айтуынша, Бейжіңде өтетін отырыс барысында ұйымның ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында негізгі іс-шараларды, оның ішінде 2011 жылдың маусымында Астанада ШЫҰ-ның мерейтойлық саммитін өткізумен байланысты мәселелерді талқылау жоспарланған.

А. Әбдірахмановтың айтуынша, үйлестірушілер кеңесі ШЫҰ-ның ағымдағы қызметін басқару, қатысушы елдердің нақты бағыттары бойынша сәйкес министрліктер мен ведомстволар арасындағы әрекеттестіктерді қадағалайтын маңызды орган болып табылады. Аталған кеңеске бір күнтізбелік жыл бойы ұйымның кезекті саммитін қабылдайтын мемлекеттің өкілі төрағалық етеді. Ағымдағы жылы бұл міндет ШЫҰ қызметі мәселелері бойынша ҚР-ның ұлттық үйлестірушісі, ерекше тапсырмалар жөніндегі елші Шахрат Нұрышевқа жүктелген.