Шанхай ынтымақтастық ұйымының университеті құрылмақ
АЛМАТЫ. 23 ақпан ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - ШЫҰ-ның университетін құру жобасы жасалуда.
Бұл туралы бүгін Алматыда өткен «Қауіпсіздік пен ынтымақтастық жолындағы 10 жыл: ШЫҰ кеңістігіндегі қазіргі заманғы жаңа қауіп-қатерлерге қарсы сәтті тәжірибе» деп аталатын халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысын қорытындылау рәсімі кезінде айтылды.
«Бұл жоба Шанхай ынтымақтастық ұйымы кеңістігіндегі 6 елдегі 56 университетті біріктіреді. Онда нанотехнология, ІТ-технология, экология мамандықтары бойынша кадрлар дайындау қарастырылуда. Оның аясында 56 университет желісі құрылады. Мәселен, Қазақстан университетінде оқып жатқан студент білімін ШЫҰ аумағындағы өзге елдерде жалғастыра алады. Елге қайтып оралған соң шетелде өткізген уақытын жоғалтпай өз мамандығы бойынша оқуын одан әрі жалғастыра алатын болады», - дейді ШЫҰ-ның Бас хатшысы Мұратбек Иманәлиев. Оның пайымдауынша, бұл тәжірибе мамандар дайындаудың деңгейін көтереді.