Шанхайда Қазақ хандығының 550 жылдығы атап өтілді (ФОТО)

БЕЙЖІҢ-ШАНХАЙ. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым министрлігі «Халықаралық бағдарламалар орталығының» Азия және Мұхит аралдары аймағындағы өкілдігі Қытайдағы қазақстандық студенттер қауымдастығының (KSAC) Шанхай бөлімшесімен бірігіп, Қазақстанның Шанхайдағы Бас консулдығының қолдауымен Наурыз мейрамына және Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мерекелік шара ұйымдастырды.
None
None

Қазақстандық студенттер сахналаған мерекелік концертте көрермендер назарына қазақтың ән-күйі, ұлттық биі ұсынылып, «Тұсау кесу» және «Беташар» көріністері көрсетілді. «Қазақша күрес» палуандарының көрнекі орындаулары, «Аударыспақ», «Қыз қуу», «Арқан тарту» ұлттық ойындары, сонымен қатар тарих пен Наурыз мейрамының ерекшеліктері, қазақ дәсүрлері туралы сұрақтары болған байқаулар мен викториналар көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Қонақтар мұнда дәстүрлі «Наурыз көже», бауырсақ, палау, қазы және өзге де ұлттық тағамдардың дәмін татып көрді. Шараға 350-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында студенттер, дипломаттар, Қытайдағы қазақ диаспора өкілдері, Қазақстан тарихы мен мәдениеті, дәстүрімен танысқан Шанхай тұрғындары және шетелдік туристер бар. «Елбасы 2015 жылды Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту жылы деп жариялағанына қуаныштымыз. Бұл тарихымыз, бізге еркіндік пен тәуелсіздікті сыйлаған ата-бабаларымызға деген құрмет», - деді Шанхай қазақ диаспорасының өкілі Айнұр Түркияқызы. Қытайдағы қазақстандық студенттер қауымдастығының Шанхай бөлімшесінің төрағасы, Шығыс Қытай педагогикалық университетінің магистранты Жасдәурен Дәукенов мемлекеттік мерекелерді шетелде атап өту Отанынан алыс жүрген қазақстандық жастардың патриоттық рухын көтеретінін атап өтті. «Біз белсенді жастардың өкілдері тәуелсіз, тұрақты және өркендеп жатқан Қазақстанды мақтан тұтып, Қазақстандағы президенттік сайлауда өз таңдауымызды жасауға дайынбыз», - деді ол. Еске сала кетейік, ағымдағы жылы 26 сәуірде өтетін президенттік сайлауда Шанхай қаласындағы және Чжэцзян, Фуцзянь, Цзянсу, Цзянси мен Аньхой провинцияларындағы ҚР азаматтары Шанхай қаласындағы ҚР Бас консулдығы жанындағы №244 сайлау учаскесінде дауыс бере алады.

Соңғы жаңалықтар