Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Шардараның 32 мың тұрғыны қайтарылған активтер есебінен таза ауыз суға қол жеткізді

АСТАНА. KAZINFORM – Түркістан облысында заңсыз қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылған Шардара топтық су құбырының бірінші кезеңі іске қосылып, қаладағы 32 мыңға жуық тұрғын сапалы ауыз сумен қамтылды. Бұл туралы Түркістан облысының прокуратурасы хабарлады.

Атырауда 209 млн теңгенің ауыз су жобасы іске аспай тұр
Фото: әлеуметтік желіден

Ведомствоның мәліметінше, Арнаулы мемлекеттік қор есебінен өңірдегі 30 әлеуметтік нысанның құрылысына 26,4 млрд теңге бөлінген. Бүгінде оның 28-і пайдалануға берілсе, қалған екі жобаны жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Өңірдегі ең ірі жобалардың бірі – елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған Шардара топтық су құбырының құрылысы. Оның бірінші кезеңіне жалпы 16,5 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде 11,5 млрд теңге республикалық бюджеттен, 5 млрд теңге Арнаулы мемлекеттік қордан қаржыландырылған.

«Бөлінген қаражат есебінен Тама учаскесінен су құбыры тартылып, су сору станциялары мен су тазарту қондырғылары орнатылды. Соның нәтижесінде Шардара қаласының 32 мыңға жуық тұрғыны сапалы ауыз суға қол жеткізді», – деп мәлімдеді облыс прокуратурасы.

Прокуратураның мәліметінше, бұған дейін, соңғы 60 жыл бойы Шардара тұрғындары ауыз суды су қоймасының ашық көзінен пайдаланып келген.

«Қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылған жобалар өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға және халықтың өмір сапасын жақсартуға елеулі үлес қосып отыр», – деп атап өтті ведомство.

Айта кетейік, Ақтөбедегі жаңа су құбырына қайтарылған активтер есебінен 5 млрд теңге бөлінді.