Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Шармановтың ұлы Астанадағы университетке әкесінің есімі берілуіне байланысты Президентке алғыс айтты

АСТАНА. KAZINFORM — Астана медицина университеті жаңа оқу жылын ерекше мәртебемен бастамақ. Енді еліміздегі жетекші медициналық білім ордасы Ұлттық жоғары оқу орны мәртебесіне ие болады. Сонымен қатар, университетке белгілі ғалым, академик, Қазақстанның Еңбек Ері Төрегелді Шармановтың есімі беріледі.

Астана медицина университеті
Фото: amu.edu.kz

Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асып отыр. Университеттің Ұлттық мәртебе алуы білім беру сапасын арттыруға, ғылыми-зерттеу әлеуетін күшейтуге және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді. Әсіресе болашақ дәрігерлер үшін бұл жаңалықтың маңызы зор. Студенттердің айтуынша, жаңа мәртебе шетелдік жоғары оқу орындарымен тәжірибе алмасуға жол ашып, кәсіби дамуға серпін береді.

— Университетімізге Төрегелді Шармановтың есімінің берілуі — үлкен мәртебе. Ол нутрициология ғылымының негізін қалаған, денсаулық сақтау саласының дамуына зор үлес қосқан тұлға. Ендігі міндетіміз — осы атқа лайық болу. Ұлттық мәртебе алғаннан кейін шетелдік жоғары оқу орындарымен байланыс орнатуға мүмкіндігіміз артады, — деді студент Хусейн Пашаев.

Төрегелді Шарманов — Қазақстан медицинасының дамуына айрықша еңбек сіңірген ғалым. Ол тамақтану ғылымы мен қоғамдық денсаулық сақтау саласының қалыптасуына зор үлес қосты. Сондай-ақ, 1978 жылғы Алматы декларациясын әзірлеуге атсалысқан тұлғалардың бірі болды. Бұл құжат әлем елдері үшін алғашқы медициналық көмектің қолжетімді болуы мен денсаулық сақтау құқығын қамтамасыз етудің маңызды қағидаттарын айқындаған тарихи құжат саналады.

төрегелді шарманов
Фото: Kazinform

Ғалымның ұлы, Профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман әкесінің ел медицинасына қосқан үлесі мен ғылымдағы еңбегін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, тоқырау жылдары академик шетелдік серіктестермен бірлесіп, Қазақстанға йод және темір қоспалары бар өнімдерді жеткізуге ықпал еткен. Кейін бұл бастамалар халық тұтынатын ұн мен тұзды байыту ісіне негіз болды.

— Ең алдымен, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа Астана медицина университетіне әкемнің есімі берілуіне байланысты алғысымды білдіремін. 2022 жылы Мемлекет басшысы әкеме «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын берді. Менің ойымша, бұл — лайықты марапат әрі Президенттің ғылымға көрсеткен құрметінің белгісі, — деді Алмаз Шарман.

Шармановтың ұлы Астана медицина университетіне әкесінің есімі берілуіне байланысты Президентке алғыс білдірді
Фото: Алмаз Шарманның әлеуметтік желідегі парақшасынан

Университет басшылығы жаңа мәртебе оқу орнына үлкен мүмкіндікпен қатар зор жауапкершілік жүктейтінін айтады. Алдағы уақытта білім ордасында жаңа білім беру бағдарламалары енгізіліп, халықаралық серіктестік жобалары кеңейтіледі. Сонымен қатар, медицина саласына қажет ғылыми және педагогикалық кадрларды даярлау жұмысы күшейтіледі.

— Бұл — біз үшін үлкен жауапкершілік. Қазір университеттің жаңа стратегиялық жоспарын әзірлеп жатырмыз. Басты мақсатымыз — медициналық білім беру, заманауи технологиялар мен ғылымды тоғыстырған жетекші орталыққа айналу, — деді университет ректоры Анар Тұрмұхамбетова.

Қазір Астана медицина университетінде әлемнің бірнеше елінен келген 11 мыңға жуық студент білім алады. Жыл сайын оқу орнын шамамен 3 мың жас маман тәмамдайды. Ұлттық жоғары оқу орны мәртебесі мен Төрегелді Шарманов есімінің берілуі университеттің ел медицинасы мен ғылымындағы орнын одан әрі айқындай түспек.

Еске салайық, бұған дейін Астана медицина университетіне Төрегелді Шармановтың есімі берілетінін хабарлағанбыз.