Шаруалар мал басына қарай субсидияланатын мемлекеттік көмекті пайдалана алмай отыр - С. Ақылбай

АСТАНА. 18 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында сенатор Серік Ақылбай шаруа қожалықтарына өндірілген етке, сүтке, қымызға және мал азығының құнын арзандатуға субсидияларының төленуі туралы мәселе көтеріп, Үкімет басшысының атына сауал жолдады.

Шаруалар мал басына қарай субсидияланатын мемлекеттік көмекті пайдалана алмай отыр - С. Ақылбай

Сенатордың сөзіне қарағанда, қазіргі таңда ірі қара етіне субсидия алу үшін жыл бойы 400 бас өгізше бордақыланып сатылуы керек. Ақ қой етіне субсидия алу үшін шаруашылықтағы аналық қойдың саны 600 бастан, жылқы етіне биенің саны 75 бастан, қымызға 35 бастан кем болмауы қажет екен.

«Мәселен, Қарағанды облысының Қарқаралы ауданы бойынша 600-ден астам шаруа қожалығы бар. Оның ішінде қой етіне 19 шаруа қожалығы, жылқы етіне - 6, қымызға - 7, мал азығына - 88 шаруа қожалықтары субсидия алады. Ал ірі қара етіне ауданда бірде-бір шаруашылық субсидия алмайды. Осыдан, көптеген шарушылықтар мал басының жоғарыда аталған талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты мемлекет тарапынан берілетін көмекті пайдалана алмай отыр. Осылай, қазіргі кездегі ережелерге өзгеріс енгізілсе, көптеген ұсақ шаруа қожалықтарын дамытуға, ет өнімдерін молайтуға және сапасын жақсартуға мүмкіндік туар еді», - дейді сенатор С. Ақылбай.

Бұл ретте депутат ірі қара етіне субсидия алу үшін сатылатын мал басын 100 басқа, қой етіне субсидия алу үшін аналық қойдың санын 300 басқа, жылқы етіне бие санын 50 басқа, қымызға 20 басқа дейін азайтса деген ұсынысын жеткізді.