Шаруаларға агротуризммен айналысуға рұқсат берілмек

АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет отырысында фермерлерге өз учаскелерінде агротуризммен айналысу құқығын беру мәселесі қаралды. Толығырақ Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов айтып берді.

Агротуризм
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

- Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы туризмді дамыту бойынша бірқатар тапсырма берді. Еліміздің барлық өңірі туризмді дамытуда үлкен әлеуетке ие. Алайда оны тежеп отырған бірқатар мәселе бар. Осыған байланысты саланы одан әрі дамыту мақсатында заңнамаға өзгерістер енгізіліп жатыр. Тиісті заң жобасы Мәжілісте қаралып жатыр. Әкімдіктерге елді мекендерден тыс жерлерде, оның ішінде ұлттық парктер аумағында туристік инфрақұрылым салу бойынша заңнамалық өкілеттіктер беру. Бұл негізгі бастамалардың бірі. Аталған мәселе егжей-тегжейлі пысықталды, - деді Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысында.

Министрдің мәлімдеуінше, аталған бастама инфрақұрылымды дамытуды қамтамасыз етеді.

- Өңірлерде туризмді дамытуға басымдық беру үшін жаңа құзыретпен қатар жеке туризм басқармаларын құру мәселесін қарастыру қажет. Қазір тек бес өңірде жеке басқарма бар, тағы екі өңірмен пысықталып жатыр. Фермерлерге өз учаскелерінде агротуризммен айналысу құқығын беру. Қазір елімізде 200 мыңнан астам шаруа қожалығы бар. Бұл шара ауыл тұрғындары үшін қосымша жұмыс орындарын құруға, ауылдық аумақтардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді. Туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру үшін ұлттық парктерде жерді жалға беру мерзімін 49 жылға дейін ұлғайту бойынша заңнамалық жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл экотуризмді дамыту үшін инвестиция тартуға және инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді, - дейді ол.

Еске салсақ, өткен жылы елімізде туризм саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 947,5 млрд теңге болды. 

Соңғы жаңалықтар