Шаттануда Жазираның ауылы, той тойлауда бүкiл қазақ қауымы- ОҚО

АСТАНА. ҚазАқпарат - Күнi кеще ғана Рио-де-Жанейро төрiнде жерлесiмiз Жазира Жаппарқұл қазақ қыздары арасынан тұңғыш рет Олимпиада жүлдегерi атанды.

Шаттануда Жазираның ауылы, той тойлауда бүкiл қазақ қауымы- ОҚО

«Қуанышты бөлiссең көбейедi» деген ниетпен дереу сайыпқыранымыздың туып-өскен жерi - Арыс қаласы, Мақталы ауылына тартып кеттiк. Жазираның үйiн табу еш қиынға соқпады. Ауылға жақындай бергенiмiзде кiшкентай ойын баласынан «Жазираны танисың ба? Үйi қайда?» деп сұрап едiк, «әрине, танимын, аға!» деп жөн сiлтеп жiбердi. Көшенi сәл шатастырып тұрғанымызда көлеңкеде әңгiмелесiп отырған екi жiгiт «чемпионымыздың үйi мектептiң дәл қасында. Бiз ауылдасымыздың жеңiсiн тойлап отырмыз» дедi. Бiздi тұрғындардың сергектiгi, спортқа құмарлығы сүйсiндiрдi.

Әбдiрахман Құдайқұлов ағамыздың шаңырағына бас сұққанымызда кiшiгiрiм тойдың үстiнен түстiк. Арыс қаласының әкiмi Сейiт Ертай, осындағы атқамiнер азаматтар жүрекжарды лебiздерiн бiлдiрiп, батыр қызды дүниеге әкелген ата-ананы шын жүректен құттықтады. Бiз де дереу iске кiрiсiп, Әбдiрахман ағадан кешегi жеңiстен кейiнгi көңiл-күйi, Жазираның балалық шағы туралы сыр суыртпақтадық.

- Олимпиаданы тiкелей эфирде тамашаладық. Көршiлерiм, ағайындарым келiп, қолдау көрсеттi. Қызымның жеңiске жеткен кезiндегi қуанғанымды сөзбен айтып жеткiзе алмаймын. Қатты толқыдым. Қобалжыдым. Ал, анасы уайымдап, бiр орында отырмай, үйге кiрiп-шығып жүрдi. Қытай қызға таңқалдым. Басына зiлтемiр түсiп кетсе де, мыңқ етпедi. Басты тiлегiмiз «қызымыз жарақат алып қалмай, жүлдеге iлiнсе» болды. Шулап, бiр-бiрiмiздi құттықтап жатқанымызда телефоным шырылдады. Түсiнiксiздеу сандары көп нөмiр екен. Алсам - Жазира! «Көке, көрген шығарсыздар, бәрi жақсы. Елге сәлем айтыңыз. Жуа берiңiздер!» дедi. Жұбайым 8 құрсақ көтердi. Тұңғыш ұлым тағдырдың жазуымен өмiрден ерте озды. Одан кейiн өмiрге 7 қыз келдi. Кенжем - Жазира. Ол ерекше қыз болып өстi. Кiшкентай кезiнде үй жақта ер балалармен асық, футбол ойнайтын. Спортты жақсы көрдi. Бiрде үйге таныс апайымыз келiп тұр. Қасында немересi бар. Келе сала «сендердiң балаларың менiң немеремнiң асығын тартып алып қойыпты. Қайтарсын!» дейдi. Бiз аң-таңбыз. «Апа, менiң қызым бар. Ол қалай тартып алады? Қателестiңiз-ау» десек, ол кiсi шынымен ашуланып тұр. Сол кезде үйден Жазира атып шығып, «Мен асықты тартып алған жоқпын, ұтып алдым. Ал, адал ұтып алған нәрсемдi ешкiмге бермеймiн!» деп тұр (Күлдi). Есесiн жiбермейтiн өжет қыз болып өстi. Үй жақтағы №372 бастауыш мектепте үшiншi сыныпта оқып жүргенiнде дене шынықтыру пәнiнен беретiн бапкерi Дүйсебек Құрманов қызымды ауыр атлетика үйiрмесiне қатыстыруымды сұрады. Шыны керек, мен де, анасы да қарсы болдық. Дегенмен, үш күн барып көрсiн, ұнаса жалғастырсын деген ойымды жеткiздiм. Сөйтiп, Жазираның үлкен спорттағы жолы басталды. Жасөспiрiмдер, жастар, ересектер арасында ел туын сан мәрте көкте желбiреттi. Бұла күшi өз атасы Жаппарқұл мен нағашысы Әметбек атадан дарыды деп ойлаймын. Ол кiсiлер де қарулы, қайратты азаматтар болған. Қызым тапқан табысын отбасы игiлiгiне жұмсайды. Өткен жылы көлiгiм бар деп қарсы болғаныма қарамастан маған жаңа автокөлiк әпердi. Бiзге, яғни ата-анасына көмектесiп тұрады. Жазирамның бiздiң әулеттiң ғана емес, Қазақ елiнiң батыр қызына айналғанына қуаныштымын. Денi сау болсын, - дедi жүзi мейiрiмге толған әке.

Жазираның үйiндегi туған-туыстарының бәрi де керемет қуаныш құшағында. Iнiлерi мен сiңлiлерi чемпион әпкесiнiң медальдарын тағып, шаттанып жүр. Медальдары мен жүлделерi, дипломдарын толық санап үлгере алмадық. Өте көп. «Алма ағашынан алысқа ұзамайды» демекшi, Жазираның спорт жұлдызына айналуына ата-анасының үлесi айрықша екен. 43 жылдай темiржол саласында еңбек еткен Әбдiрахман аға жас кезiнде футболды жақсы ойнапты. Бiздi таң қалдырғаны, оқушы кезiнде кей сәтте Жазираны өз анасы да жаттықтырыпты. Ол туралы толағай қыздың анасы Күлайхан Құдайқұлова «Жазирашымның ерекше қыз болатынын босанған кезiмнен бiлдiм. Ол 1 келi 300 грамм салмақпен шала туылды. Дәрiгерлер «мына қыз жұртшылықты таңқалдыратын мықты адам болады» дедi. Айтқандары келдi. Кейде Жазира бiрдеңеге ренжiсе бапкер Дүйсебек ағайды тыңдамай, жаттығуларды орындамай, қырсықтық танытатын. Ағайымыз жылы сөзiн айтып, бәйек болатын. Бiрде ағайға маған жаттығуларды жазып берiңiз, сiздi тыңдамаған кезде өзiм жасатайын дедiм. Ол кiсi қуана келiстi. Қағазға жазылған жаттығуларды қайталатып, бапкер болып та кете жаздадым» дейдi күлiмсiреп.

Әпкесi Эльмира Құдайқұлова кiшкентай кезiнде Жазираға өзi қарағанын, оның сабырлы, жылауық болмай өскенiн айтса, жездесi Әлихан Сырлыбаев балдызының әзiлге ұста әрi өте қайырымды екенiне тоқталды.

- Бiр жарыстан келген сәтiнде Жазираға «менiң салмағым қанша екенiн» анықтап бершi деп әзiлдедiм. Ол менi бiр-екi рет жоғары көтерiп көрдi де, «жезде, сiз 74 келiсiз ғой» деп дәл тапты. Таңқалдым. Шетелден келген сайын бауырларына, iнi-сiңлiлерiне сыйлық әкелудi ұмытқан емес. Қолы ашық. Көмектесiп тұрады. Маған Перуден мына кепканы әкелiп берген. Үш жыл болды, әлi жап-жаңа қалпы. Достарым «сенiң балдызың саған мәңгi тозбайтын қалпақ әперiптi ғой» деп әзiлдейдi. Жазира бiрнеше жыл бұрын марқұм болып кеткен бажамыздың қызы, жиен сiңлiсi Әлфияны өте жақсы көредi. Сол қыздың ем-домына көмектесiп, қымбат дәрi-дәрмектерiн әперiп жүр. Жүрегi кең. Жеңiсiне бәрiмiз шексiз қуандық, - дейдi ол.

Жазира асыр салып ойнаған көшелердi аралап, ол 4-сыныпқа дейiн оқыған №372 бастауыш мектебiне бас сұқтық. Мектеп директоры Тәжiгүл Есiлбекова мен орынбасары Әлiбек Қазыбеков оқушылар дүлдүл әпкелерiмен кездесуге дайындалып жатқанын жеткiздi. Олар Жазира ауыр атлетикамен тұңғыш рет жаттыққан осы мектептегi кең мәжiлiс залы мен әлемге әйгiлi спортшы оқыған сыныптарды аралатты. Олимпиада жүлдегерiнiң сынып жетекшiсi, қазiргi зейнеткер Сәбира Мейiрбекова «Жазира тiк мiнездi едi. Айтқанынан қайтпайтын. Сабақ үлгерiмi де тәуiр болды. Орынсыз тәртiп бұзып, еркелiк танытқан емес. Ең бастысы, алдына мақсат қоя бiлетiн. Кейiн ол С.Адамбеков атындағы мектепте және Шымкенттегi Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясында бiлiм алды. Жеңiсiне бүкiл ауыл болып қуандық. Осы мектеп табалдырығын аттап, партада отырған сәтi әлi есiмiзде. Қызымызға «Бәрекелдi!» деймiз. Алла тiл-көзден сақтасын» дедi.

Әр ұлы iстiң бастауында бiр адам тұратыны белгiлi. Мiне, «тұлпарды құлын кезiнен танып» Жазираны үлкен спортқа үкiлеп қосқан алғашқы бапкерi - Дүйсебек Құрманов. Жетпiстен асқан ақсақал қоңырқай ғана тiршiлiк кешiп жүр екен. Үйiне кiрiп, әңгiме тиегiн ағыттық. Сөздерiнен шәкiртiнiң жеңiсiне қатты қуанғаны, толқығаны аңғарылып тұр.

- Дене шынықтыру пәнiнен сабақ берiп жүрiп байқағаным, үшiншi сыныптағы кiшкентай қыз жылдам әрi ептi екен. Жеңiл қозғалады, биiк секiредi. Қайратты. Ендi сол жылдамдықты күшке айналдырса, мықты спортшы шығарына сендiм. Дереу ата-анасына жолығып, Жазираны үйiрмеге жiберуiн сұрадым. «Осы қыз сендердiң аттарыңды әлемге танытады. Қолдау көрсетiңдер» дедiм. Сөйтiп №372 мектепте жаттығуды бастап кеттiк. Өзге де оқушылар болды. Кейiн мектепте мүмкiндiк болмағандықтан жаттығуды Жазираның үйiнде жалғастырдық. Соңында өз үйiмнiң қонақ бөлмесiн жаттығу залына айналдырып, шәкiрттерiмдi шыңдадым. Жазира алғашқы жарысқа қатысқан кезден-ақ облыстағы бапкерлердiң көзiне түстi. Шымкентке шақырылды. Батамды берiп, Рашид Төлегеновке тапсырдым. Ол Жазираға ағасындай қамқорлық танытып, өз үйiне орналастырды. Қызымыз Сингапурдегi жасөспiрiмдер арасындағы Олимпиада ойындарында чемпион атанғанда төбем көкке жеткендей болды. Алматы мен Хьюстондағы әлем чемпионаттарында күмiс жүлде алды. Еңбекқор әрi талантты спортшы. Бұл жеңiсiне әуелi Алла, сосын ата-анасы, барша бапкерлерi және ең бастысы, елдiң ақ тiлегi себеп болды деп ойлаймын, - дейдi ҚР еңбек сiңiрген жаттықтырушы Дүйсебек ақсақал.

Иә, тоғыз жолдың торабы Арыстан шығып, әлемге танылған Жазира тарихта туған жерiнiң атын алтын әрiптермен жазды. Әлi талай белестердi бағындыратынына да сенемiз. Бүгiнде Арыс қаласында ауыр атлетика үйiрмесi жұмыс iстеп тұр. Жазираның жеңiсiнен кейiн сол жаттығу залы шәкiртке толатынын да көңiл сезедi. Мәселе, сол таланттарды таба бiлуде.

Бiз барғанымызда Әбдiрахман ағаның үйiнде қой сойылып, қуырдақ дайындалып жатты. Құтты болсын айтып келiп-кетiп жатқан жандарда есеп жоқ. Ағамыздың телефоны да тыным тапқан жоқ. Елдiң қуанатындай, шаттанатындай жөнi бар. Себебi, Жазираның жеңiсi - тұтас қазақтың жеңiсi!

Бiлiктi бапкерлер мен спорт мектептерiнiң басшыларын ауылдарға жiберу керек. Себебi, ол жақта талай Бекзаттар мен Жазиралар жүр. Тек тап басып, тани бiл!

 

Қазақтың күмiс алқасы

Алтыннан қымбат бiз үшiн,

Жазира, сенiң күмiсiң.

Олимптiң шыққан төрiне,

Қазақтың тұңғыш қызысың.

 

Төбемдi көкке тiредiң,

Жазираш, неткен iрi едiң.

Ақтадың елдiң сенiмiн,

Арманын, үмiт-тiлегiн.

 

Қазақтың намыс, арысың,

Туылдың елдiң бағы үшiн.

Қалқыған аспан төрiнде,

Жайнаған жарық Айысың.

 

Мақтанды бүгiн Арысың,

Өзiңдей қызы бары үшiн.

Шаттанды шалқып туған ел,

Ағайын, бауыр-танысың.

 

Толағай ару ардақты,

Көтерген зiлдей салмақты.

Өзiңдей әлем таныған,

Қазақта қыздар болмапты.

 

Рионың күмiс алқасы,

Мойныңа бүгiн тағылды.

Токио сенi күтедi,

Алтын боп ашар бағыңды.

Мыңжасар Дәрменов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесi, Арыс қаласы.