Шайбалы хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасына бас бапкер тағайындалды
Ғалым Мәмбетәлиев 2023-2024 жылғы маусымда шайбалы хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметін атқарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл шешім Қазақстан хоккей федерациясының конференциясы отырысында қабылданды.
Ғалым Мәмбетәлиев 1965 жылы Қарағанды облысы Теміртау қаласында дүниеге келген. 1980-2002 жылдарда қазақстандық және Ресейдің «Мостовик» командаларында ойнады.
2002 жылдан бері бапкерлікпен айналысып келеді. 2017 жылы әлем чемпионатында (1А) Қазақстан құрамасын жаттықтырған еді. Сондай-ақ қысқы универсиадада Қазақстан студенттер құрамасымен бірге қола жүлдеге қол жеткізді.
Ғ.Мәмбетәлиев өткен маусымның қорытындысы бойынша Pro Hokei Ligasy чемпионы атанған астаналық «Номад» клубының бас бапкері болды.
Биыл ұлттық құрама тізгінін ұстап, қазақстандық хоккейшілер топ-дивизиондағы орнын сақтап қалды.
Сондай-ақ Қазақстан хоккей федерациясының конференциясында өзге де жас ерекшелігі бойынша құрама бапкерлері тағайындалды. Еліміздің 20 жасқа дейінгі жастар құрамасына Сергей Старыгин жетекшілік етсе, 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасына Георгий Верещагин бас бапкер болады.