Шекара түбіндегі Жайсаң: жолдағы ұзынсонар кезек, ұмыт қалған үйлер мен өткелсіз теміржол
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Қазақстан-Ресей шекарасының түбінде орналасқан Жайсаң ауылында 3 мыңнан астам адам тұрады. Мұнда әлеуметтік нысандардың бәрі бар, кейбірі күрделі жөндеуден өткен. Шекара маңындағы ауылдың негізгі мәселесі — жүк көліктерінің ұзынсонар кезегі. Жергілікті жүргізушілер бірнеше шақырым бойы тізіліп тұрған көліктерге тым жақын жүруге мәжбүр. Тағы бір мәселе - теміржолдың екі жағын бойлай қоныстанған ауылда әлі күнге дейін жерүсті өткелі жоқ. Оқушылар асыққанда жүгіріп өтсе, кейде ата-аналары 500 теңгелік такси жалдайды. Kazinform тілшісі ауылды аралап, тұрғындармен тілдесті, әкімдіктің жауабын тыңдады.
Ақтөбе-Жайсаң сапары
Ақтөбе-Орынбор тасжолы бойында орналасқан ауылға бару үшін облыс орталығындағы «Тұрғындар қалашығы» шағын ауданына барып, әрі қарай таксиге қызметіне жүгіну керек. Ауыл тұрғындары үшін жолақы — 1400-1500 теңге. Ал егер мекенжайдан алып кетсе, 2000-2500 теңге, Орынборға жеткізу қызметі 2 000 рубль болады.
Ақтөбе қаласынан Жайсаң ауылына жету үшін бір жарым сағат жеткілікті. Мұнда екі такси қызметі ұйымдастырылған. Әрқайсысында ондаған көлік бар, яғни кез келген уақытта көлік табылады. Такси жүргізушілерінің айтуынша, көбіне шекара кесіп өткендер, ауылдағы арнайы мектеп, колледжге балаларын орналастырып, жүздесуге келетіндерді тасымалдайды.
Алғашқы аялдама — екі қабатты тұрғын үй
Жайсаң ауылына барған кезде такси жүргізушісі мекенжайға жеткізіп тастайды. Біздің алғашқы аялдама — екі қабатты ескі үй. Мұнда 8 пәтер бар. Әрқайсысының есігін қағып, тұрғындармен сөйлескіміз келді. Бірақ көбі құлыптаулы, бірінде тек балалар болса, екіншісінің пәтер иесі жұмыста болып шықты.
Ал бір жақ бүйірінде Жайсаңдағы арнайы мектепте бастауыш пәні мұғалімі болған Галина Селезнева жолдасымен бірге тұрады. Қариялар бір кездері баспананы қызмет бабында алып, кейін жекешелендірген. Үйдің бүгінгі халі мүшкіл.
— Мен арнайы мектепте 40 жыл бойы еңбек еттім. Алғашында мұнда есту қабілеті бұзылған балалар білім алды, кейін оның бағыты өзгеріп, Жайсаң арнайы білім беру ұйымы болды. Жұмысшыларға арналған екі қабатты үйдің бірінші қабатында тұрып жатқанымызға 50 жыл. 1962 жылы салынған үй бүгінге дейін жөнді жөндеу көрмеді. Әне-міне құлайын деп тұрған секілді. Биыл қыста қатты салқын болды, жел үрлеп тұрды. Шатыры, терезесі сынған. Бұл жайтты айтып, Ахуал орталығына хабар бердім. Олар аудан әкімдігіне сілтеген. Комиссия нақты жауабын бермеді, — деді Галина Селезнева.
Тұрғын бүгінде көршілері күмәнді екенін әрі қауіп күшейгенін айтады. Үй ауласы қоқыс алаңына айналған және ортақ мүлікті күтіп қарайтын ешкім жоқ.
Жайсаң ауылдық округінің әкімі Жандос Қаржауовтың айтуынша, бұл екі қабатты үйдің иесі — Жайсаң арнайы білім беру ұйымы.
— Бұл үйдегі пәтерлер арнайы мектеп жұмысшыларына берілген. Қазір де сол арнайы мектептің иелігінде. Тұрғындары да арнайы мектеп жұмысшылары. Өзім барып көрдім. Ерлі-зайыпты зейнетте және бір пәтерді жекешелендіріп алды, яғни екі пәтер жекеменшікте, қалғаны мектепке - облыстық білім басқармасына тиесілі. 2022 жылы, әлде 2023 жылы жөндеу жұмыстарына деп қаржы сұрады. Әзірге қаржы бөлінбей жатыр, — деді Жандос Қаржауов.
Ал облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, нысан білім басқармасының балансында емес.
Ескі диірмен және қаңырып қалған үйлер
Ауыл тұрғындары үшін елдімекен жайлы орта. Олар бет-жүзін көрсетіп, аты-жөнін айтпады. Алайда ауыл ішіндегі өзекті мәселені көтерді. Ол — теміржол өткелі.
Мектеп орталықта орналасқан, ал арғы беттегі оқушылар теміржолды кез келген жерден кесіп өтеді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бақылау күшейген, алайда жүгіріп өткен балаларды түбегейлі тыйып тастау мүмкін болмай тұр. Ауылдың ондаған жыл бойы сұрауы — жерүсті өткелі. Әзірге оның тек жобалық-сметалық құжаты бар.
— Жобалық-сметалық құжат әзірленіп, сараптамаға жіберілді. Сараптама қорытындысы шыққан соң Мәртөк аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі қаржы сұрайды. Бұл бұрыннан келе жатқан мәселе. Бірнеше рет хат та жазылды, — дейді Жайсаң ауылдық округінің әкімі Жандос Қаржауов.
Ауылдағы теміржол арқылы көбіне Қазақстан мен Ресей арасында жүк тасымалданады. Халықаралық және Алматы, Астана, Маңғыстауға бағыт алған жолаушылар пойызы жүреді. Көбі тоқтамайды.
Тағы бір проблема — қаңырап тұрған ғимараттар. Бірі — ескі диірмен.
— Бұл ғимарат 90-жылдары жекенің қолына өтіп, күні бүгінге дейін қайта-қайта сатылып жатыр. Жаңадан сатып алғаны «қаржы көп қажет» деп қайта сатады. Аумағы — 5 гектар. Екінші ғимарат — тондар зауыты. Аумағы — 5-6 гектар. Мұнда да иесі жиі өзгереді, жабық тұрғанына 30 жыл болды. Сонымен бірге барлығы 41 бос нысан тұр. Оллар тұрғын үй, бұрынғы дүкен. Қазір ешқайсысын сүріп тастай алмаймыз. Себебі бәрінің иесі бар. Іздейміз, көбі Ресейге кеткен. Кейбірі іздеп келіп, «біз тұрамыз» деп айтып кетеді. Өзі келмесе де мұрагері табылуы мүмкін, — деді ауыл әкімі.
Жалпы Жайсаң ауылдық округінде 3 100 адам тұрады. Ауыл Ресеймен шекара маңында орналасқан. Тіпті арасы 3 шақырым жер. Әрі асса Орынбор облысы тиіп тұр. Жайсаң ауылдық округіне Көкпекті ауылы да қарайды. Онда 82 адам тұрады. Бәрі де мал шаруашылығымен айналысады әрі мұнда тек үлкендер қалған.
— Жайсаң ауылында барлық инфрақұрылым бар. Мектеп, арнайы мектеп, колледж жұмыс істейді. Мектепте 300-ден астам оқушы білім алады. 2019 жылы күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Дене шынықтыру-сауықтыру кешені 2022 жылы салынды. Футбол, волейбол, күрес үйірмелері ашылған, жаттығу залы бар. Тұрғындардың көбі осы әлеуметтік нысандарда еңбек етеді. Тасжол бойындағы кемпингтер де табыс көзі. Мұнда 5 жанаржағармай, 2 газ құю бекеті бар. «Наурызғали» шаруа қожалығы мың бас ірі қара ұстайды, егін егеді. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2023 жылы 9 жоба қолдау тапты. Ірі қара, құс шаруашылығы және жылыжайға қаржы алды. Барлығы 9 азық-түлік дүкені, 3 дәмхана, шаштараз, монша бар, — деді Жайсаң ауылдық округінің әкімі Жандос Қаржауов.
Былтыр ауылда қандай да бір құрылыс, жөндеу жұмысы жүргізілмеді. Бірнеше жобалық-сметалық құжат әзірленіп, дайындалды. Ол — жол, жерүсті өткелі және жүргіншілер жолы жобасы.
Есігі жабық әлеуметтік нысандар мен саябақтағы Ленин ескерткіші
Ауыл ішін аралап жүрген кезде орталық саябақтан Ленин ескерткішін де көрдік.
— Саябақ ішіндегі Ленин ескерткішін сүруге болады. Мәдениет басқармасына «ескерткішті алып тастайық» деген ұсыныс айтылды. Қолдау тапты, алып тастауға рұқсат берді. Адамдар арасында шу болады деп ойлаймын. Ол саябақта тұр, көшеден көрінбейді. Саябақта абаттандыру болса, алып тастау жайын қараймыз. Тұрғындардан ұсыныс болмады. Мұнда көшіп келушілер аз, байырғы адамдар тұрақты тұрады, — деді ауылдық округ әкімі.
Шекара маңында жүк көлігі көбейді
Ауыл маңындағы «Жайсаң» шекара бекетінде көлік ағыны көбейді. Қазірдің өзінде бірнеше шақырымдық кезек бар. Бұл пробламаны шешу үшін Мәртөк аудандық әкімдігі 7 гектар жер бөлді. Енді арнайы тұрақ салынады.
Мердігер жерді тегістеп, көше шамын орнатты. Биыл қиыршық тас төсеп, асфальт салады. Құрылыс жұмысы маусым-шілде айларында аяқталуы тиіс.
— Жол бойында көлік тұрағы салынады. Бұл жол қауіпсіздігі үшін қолға алынған жұмыс. Жүк көлігі келіп, сол жерге аялдайды. Электронды кезек арнайы таблода көрінеді. Көлік кезекпен шыға береді, жол бойында тұрмайды. Мұнда қазір жүк көліктері 7 шақырымға дейін тұрады. Қысы-жазы жағдай осындай. Екі жылдан бері Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан көліктері көп жүреді. Олар ауылға кірмейді, бәрі жол бойында тұр. Дүкен де, кемпинг те жеткілікті. Өзім таңертең, түске, кешке барып, қарап шығамын, — деді ауыл әкімі.
Шекарадағы қылмыс ауылдың көрсеткішіне әсер етеді
«Жайсаң» шекара бекетінде тіркелген кез келген құқықбұзушылық Жайсаң ауылдық округіне тіркеледі. Бұл ауылдың көрсеткішін кері сүйреп тұр.
— 2025 жылы шекарада 16 қылмыстық іс тіркелді. Ескірткі тасымалының бәрі ауылдағы көрсеткішке қосылады. Тіпті өзі тұтынып, өзі алып жүрсе де осындай. Ал ауылда бір адамды көлік қағып кетті. Биыл ауылда қандайда бір құқықбұзушылық болмады. Шекарадағы тіркелген әр іс біздің көрсеткішті төмендетіп тұр, — деді ауылдық округ әкімі.
Бұл ауылдағы кітапхана, ауыл клубының ғимаратына барғанымызбен, есігі құлыптаулы тұрды. Учаскелік полиция қызметкерінің жұмыс кабинеті дәл осы клуб ішінде орналасқан. Округтегі 3 мың адамға 1 қызметкер бөлінген.
Әкім Жандос Қаржауовтың айтуынша, бұл аз және екінші қызметкерге сұраныс та берді.
— Жолда адам көп, олар бір-бірімен шекісіп қалуы мүмкін. Ауыл ішіне де бір қызметкер керек, — деді ол.
Мектеп пен колледж
Жайсаңдағы орта мектептің басшылары аудан орталығындағы жиналыста болды. Өзге қызметкерлері қандай да бір ақпарат бермейтінін, ешкім де тілші келетінін алдын ала ескертпегенін айтты. Ал Жайсаң көпсалалы колледжінде қазір балалар тәжірибеден өтіп жатыр. Мұнда ерекше балалар да білім алады, мамандық меңгереді.
Жайсаң көпсалалы колледжі 1936 жылы Херсон оқу комбинатының бөлімшесі болып ашылды. Бұл комбинат Қостанай облысына қарасты болды. Арада 30 жылдан астам уақыт өткен соң № 5 ауылдық кәсіптік училище болып өзгерді.
Ал 1970 жылы Әлия Молдағұлованың есімі берілді. Тағы 15 жыл өткенде № 13 кәсіптік-техникалық училищесі болып өзгерді. 2012 жылдан бері Жайсаң кәсіптік колледжі атауы берілді. Қазіргі кезде 9 мамандық бойынша 240 білім алушы бар.
— Ауыл шаруашылығын механизацияландыру, аспаз, тігінші, дәнекерлеу ісі, құрылысшы, есеп пен аудит мамандықтары бар. Соның ішінде тігінші мен құрылысшы мамандығын ерекше білім талап ететін балалар да меңгеріп жүр. Тігінші қыздар, құрылысшы ер балалар. Ерекше білім талап ететін білім алушылар Жайсаң арнайы білім беру ұйымынан, Ақтөбе қаласындағы № 7 мектептен келеді. Басқа аудан, өзге өңірден келетін жастар да бар. Колледждің негізгі ғимараты Жайсаң ауылында болса, екінші ғимарат Мәртөк ауылында, ауданы орталығында, орналасқан. Аудан орталығында дәнекерлеуші, есепші, аспазшы мамандықтарымен қатар мейрамхана ісі мамандығы ашылады. Қазір сұраныс бар әрі ауданда ішкі туризм дамып келеді. Ауыл балалары үйінен қатынап оқыса, өзге аудан мен облыстан келген жастар жатақханада жатады. Ер балалар бөлек, қыздар бөлек орналасты. Сонымен бірге аумақта өндірістік база, асхана, монша, клуб бар. Жатақханадағы жастар төрт мезгіл тамақтанады. Студенттердің 9-ы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған болған соң осында тәрбиеленеді, — дейді Жайсаң көпсалалы колледжінің директоры Нұржан Әшімов.
Оның айтуынша, ауылдағы жастар кейде қала колледждеріне барып оқиды. Бірақ, кейін ауылға қайта ауысып келеді.
— Жатақханадағы балаларды таңертең тәрбиешілер оятып, таңғы асқа апарады. Кейін олар шеберлермен бірге сабаққа қатысады. Түстен кейін жатақханаға барып, сағат 22:00–ге дейін тәрбиеші жанында жүреді. Содан кейін түнгі ауысымда жұмыс істейтін тәрбиеші қызметіне кіріседі. Ерекше білімді талап ететін студенттер бар болған соң түнде 4 медбике ауысыммен қызмет етеді. Ал күндіз бір медбике жұмыс істейді. Ата-аналар балаларды әкелген кезде арнайы анықтамасын көрсетеді. Оқуға қабілеті бар, білімге құштары ғана қабылданады. Біздің мақсат — баланы әлеуметтендіру. Қоғамға бейімдеу үшін «Аруназ» қыздар клубы ашылды. Тамақ пісіру, бет күтімі, шаш әрлеуді де меңгергенін қалаймыз, — деді колледж директоры.
Айта кетейік, ерекше білім алуды қажет ететін жастарға тек кәулік беріледі. Ал өзге студенттер диплом алады. Түлектер, дуалды оқыту келісімшарты негізінде, ауылдағы шаруа қожалықтарына, мейрамханаларға, құрылыс компанияларға жұмысқа кірсе, кейбірі оқуын жалғастырады. Дуалды оқыту кезінде тәжірибе жинайтын жастар еңбекке ерте араласады.
Қазіргі кезде құрылысшы мамандығының шебері Ерлан Тоғызбаев жетекшісі Ерғалий Ералинмен бірге Семей қаласыңдағы өтіп жатқан республикалық чемпионатқа қатысып жатыр. WorldSkills чемпионатының облыстық кезеңінде төрт студент жүлделі орынға ие болды. Ерекше топ балалары Вячеслав Галадий пен Рамазан Аяпов республикалық ән байқауында бас жүлде алды.
Былтыр колледж үздіктер қатарынан көрініп, 100 млн теңге бөлінді. Қаржыға материалдық-техникалық база жаңартылды, жаңа құрал-жабдық сатып алынды. Сонымен бірге 361 млн теңге бөлініп, Мәртөк ауданындағы ғимаратқа күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Ал Жайсаңдағы ғимаратта күрделі жөндеу жұмысы осыдан 10 жыл бұрын жасалған. Ағымды, косметикалақ жөндеу жұмыстары жыл сайын жасалып жатыр.
Көпсалалы колледж балаларның тәжірибе алаңы — 200 гектар жер. Мұнда студенттер егін егеді, шөп шабады. Бірнеше тігін шеберханасы, құрылысшылар шеберханасы, аспаз мамандығын меңгеруге арналған асхана да бар. Ал өндірістік алаңда бірнеше трактор, шалғы, жер жырту техникасы тұр. Студенттер мұнда тәжірибе жинайды.
— Біз бір отбасынан үш жанбыз. Егіздер және інім. Анатолий, Борис үшеуіміз бұған дейін балалар үйінде тәрбиелендік. Өзім алдымен тігінші мамандығын меңгердім, қазір техник-механик саласына ауыстым. Трактор жүргізуді үйретеді. Маған мамандығым ұнайды. Аман-есен бітіріп, жұмыс істегім келеді, — деді студент Аэлита Колесникова.
Жатақханадағы жастар бос уақытында сурет салады, тоқыма тоқиды. Кейде аулада спортпен шұғылданады. Ішкі ереже бойынша тәрбиешілер сағат 22:00–де ұялы телефондарын жинап алады, кейін таңда оятады. Қыздар және ер балалар жатақханасында қазір 60 білім алушы бар.
— Арасында ерекше балалар болған соң оқу жылының басында олар бір-біріне үйреніседі. Кейін мінез-құлқына қарай 2-3 студентті бір бөлмеге орналастырамыз. Әр жатақханада жуыну бөлмесі, әжетхана, демалу бөлмесі бар. Сонымен бірге бос уақытты тиімді ұйымдастыратын алаң қарастырылған. Кешкі уақытта студенттермен түрлі шаралар болады, қолөнермен де шұғылданады, — деді Жайсаң көпсалалы колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Болат Балғабекұлы.