Shell және BP Қазақстандағы жұмысын жалғастыруға мүдделі – СІМ
АСТАНА. KAZINFORM – Британдық Shell және BP мұнай-газ компаниялары Қазақстанда жұмысын жалғастырады, яғни олар ынтымақтастықты дамытуға мүдделі. Бұл туралы Сенатта Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов айтты.
Сенаттың жалпы отырысында депутат Евгений Болгерт Ұлыбритания Қазақстан экономикасында ірі инвесторлардың бірі ретінде танылғанын айтты. Елдер энергетика саласындағы, «жасыл» энергетика бағытында, сондай-ақ цифрландыру мен жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты үнемі талқылап келеді.
— Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің бағалауы бойынша мұнай секторындағы Shell, BP сияқты трансұлттық компаниялармен ынтымақтастықты тереңдету перспективасы қандай?, - деп сұрады сенатор.
Өз кезегінде Арман Исетов Shell компаниясының Қазақстан нарығынан шығуы мүмкін екендігі туралы ақпарат расталмағанын айтты.
— Сонымен қатар, наурыз айында Энергетика министрлігі мен Shell компаниясы Ақтөбе облысында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге жаңа келісімшартты бекіткені туралы ақпарат болды. Бұл келісімшарт 2032 жылға дейін арналған. Мұның бәрі Shell компаниясының Қазақстандағы жұмысын жалғастыруға мүдделі екенін көрсетеді, - деді министрдің орынбасары.
Оның сөзіне қарағанда, BP компаниясы да Қазақстанда өз қызметін жандандырып жатыр.
— Жақында ғана «ҚазМұнайГаз» компаниясы мен BP Маңғыстау облысындағы учаскеде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу бойынша келісімге отырғаны туралы ақпарат шықты. Бұл третте ВР Қазақстанда жұмысын қайта жандандыруда, - деді Арман Исетов.
Айта кетейік, жақында Қазақстандағы Shell концернінің төрағасы Сюзанн Куган мұнай-газ саласындағы ынтымақтастыққа қатысты пікір айтты.