18:20, 16 Мамыр 2012 | GMT +5
Шэньчжэнь қаласының вице-мэрі алматылық кәсіпкерлерді 7-халықаралық логистика және көлік жәрмеңкесіне қатысуға шақырды
АЛМАТЫ. 16 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақстан үшін көлік логистикасын дамыту зор басымдыққа ие. Бұл туралы бүгін Қытайдың Шэньчжэнь қаласы ресми делегациясының Алматыда іскерлік қауым өкілдерімен болған кездесуінде айтылды.

«Ағымдағы жылдың 15 қазанында Шэньчжэнь қаласында логистика және көлік саласындағы 7-ші халықаралық жәрмеңке болады. Оны Қытайдың көлік министрлігі мен қала үкіметі ұйымдастырып отыр. Оған алматылық және Қазақстанның өзге де аймақтарындағы іскерлік қауымның өкілдерін қатысуға шақырамыз», - деді Шэньчжэнь қаласының вице-мэрі Чжан Вень. Онда ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасы төралқасы төрағасының орынбасары Құралай Ысқақова палата президенті Сабыр Есімбековтың кездесуге қатысушыларға жолдаған құттықтау хатымен таныстырды. С. Есімбеков өзінің құттықтауында жер көлемі орасан Қазақ елінің транзиттік мүмкіндіктерінің молдығы және Қазақстан мен Қытайдың логистикалық саладағы ынтымақтастығының келешегі туралы сөз қозғайды.