Шерзат Полат ісі: екі сотталушы өзін толық ақтауды сұрады
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша сотталған екі адам өзін толық ақтауды сұрап, кассациялық шағым түсірді. Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев айтты.
Адвокат әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған бейнеүндеуінде кассациялық шағымды сотталғандар Азамат Тоқтаубаев пен Дидар Қалиахметов бергенін айтты. Екеуі де сот үкімімен келіспейтінін айтып, өзін толық ақтауды талап етіп отыр.
— Бүгін ғана, қазір десем де болады, Шерзаттың ісі бойынша кассациялық шағымдар келіп түскен екен, бірақ біз мұны қазір ғана алуға мүмкіндігіміз туды. Ал сот отырысы ертеңге тағайындалған екен, — деді Мейірман Шекеев.
Еске салайық, 2025 жылғы 5 маусым күні сот үкімімен 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты 9 адам 1,5 жылдан 23 жылға дейін сотталды.
2025 жылғы шілде айында сотталғандардың бірі — Думан Ысқақ жазасын өтеп, бостандыққа шықты.
Ал сол жылы тамыз айында қалған айыпталушылар апелляциялық шағым бергенімен, сот үкімді өзгеріссіз қалдырды.