Шерзат ісі бойынша келесі сот отырысы басталды
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Кеше басты сот талқылауының алғашқы отырысы өтті.

Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырысының келесі талқылауы басталды. Кеше сот қатысушыларының өтінішіне қарамастан, судья соттың Талдықорған қаласындағы осы ғимаратта өтетінін айтты.
Сот отырысын Жоғары соттың Youtube арнасынан тікелей эфирде көруге болады.
Еске салайық, бұған дейін сотта Шерзат өлімінің негізгі себебі аталды.
Сондай-ақ Нұрқанат Ғайыпбаевтың жанжал барысында қандай жарақат алғаны айтылды.
Прокурор оқиғаның толық хронологиясын баяндады.
Айыпталушылардың көпшілігі кінәні мойындаған жоқ.
Былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жастағы жасөпірім қайтыс болғанын жазған едік.
2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.
2024 жылдың желтоқсан айында Талғар маңында Шерзат Полаттың ағасының денесі табылды.
Биыл ақпан айында Шерзат ісіне қатысты қылмысты тергеу аяқталды. Қылмыстық іс 62 томнан тұрады. Тергеу барысында 40 сот сараптамасы жүргізіліп, шамамен 200 куәгерден жауап алынған.