Шерзат ісі: Сот прокурорды ауыстырудан бас тартты
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырысы өтіп жатыр.

Сот отырысы кезінде сотталушылардың адвокаттары прокурорды ауыстыруды өтінді.
Кеңес бөлмесінен келген судья Ержан Жанұзақов прокурорды ауыстырудан бас тартты.
— ҚР Қылмыстық кодексінің 87, 88 баптарында нақты қандай жағдайда мемлекеттік айыптаушы іске қатыса алмайтыны көрсетілген. Мұндай жағдайлар сотпен анықталған жоқ. Мемлекеттік айыптаушы Сәрсенбайдың бұл іске қандай да бір мүдделілігі, тікелей не жанама қатыстылығы анықталып отырған жоқ, — деді судья Ержан Жанұзақов.
Еске салайық, сотта айыпталушы Дархан Әскентай жауап берді.
Прокурор оқиғаның толық хронологиясын баяндады.
Айыпталушылардың көпшілігі кінәні мойындаған жоқ.
Сотта Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов ол кикілжің қалай басталғанын айтқан еді.
Сонымен қатар оқиға орнына алғаш барған полицейлер куәлік берді.
Былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жастағы жасөпірім қайтыс болғанын жазған едік.
2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.
2024 жылдың желтоқсан айында Талғар маңында Шерзат ағасының денесі табылды.