Шерзат ісі: сотта оқиға орнына алғаш барған полицейлер куәлік берді

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырысы өтіп жатыр.

Шерзат ісі: сотта оқиға орнына алғаш барған полицейлер куәлік берді
Фото: Видеодан алынған скрин

Сот отырысында 4 қазан күні оқиға орнына бірінші болып барған патрульдік полиция қызметкерлері куәгер ретінде жауап берді. Талғар ауданы полиция басқармасында рота патрульдік полиция қызметкері Жәнібек Әмірақынның айтуынша, олар сол түні күдікті Дархан Әскентайды ұстаған.

- 4-і күні сағат 00:42 шамасында жедел кезекшінің нұсқауы бойынша Талғар қаласы Менделеев көшесіне «төбелес болып жатыр» деп хабарлама түсті. Сол жерге 7-8 минут аралығында бардым. Оны Ішкі істер министрлігі тексеріп, GPS арқылы дәлелденген. Барғанда жолдың ортасында Ravon автокөлігін көрдім. Әрі қарай Руставелли көшесіне қарай бұрылыс бар, сол жақта бір топ адаммен сөйлестім. Мән-жайды білдім. Одан кейін жердегі қанды көрдім. Адамдар «бір бала пышақталған, оны әкесі емханаға алып кетті» деді. Тағы сұрайын бастаған кезде Golf және Mercedes-Benz көліктері туралы айтты. Оның барлығын кезекші бөлімге хабарласып, айтып бердім. Кейін жедел тергеу тобы келді. Әрі қарай кезекшінің нұсқауымен аралауға шықтық. Рысқұлов ауылын қарай жүрген кезде Golf автокөлігін көрдік. Ішінде ешкім болмады. Біз кезекшіге хабарласып, көлікті тапқанымызды айттық. Сол кезде бір жігітті байқадық. Әріптесіміз екеуміз оны ұстадық. Ол «иә, Менделеев көшесінде болдым, төбелеске қатысым бар» деді. Ол Дархан Әскентай болып шықты. Екінші экипажды шақырдық, олар (күдіктіні) Талғар ауданы полиция басқармасына апарып тастады, – деді ол.

Прокурор куәгерден күдікті Д.Әскентай ұсталған кезде қандай күйде болғанын сұрады.

- Көзі ісіп кеткен. Алкогольдік ішімдіктің иісі сезілді, – деді Жәнібек Әмірақын.

Сондай-ақ ол қызмет барысында полиция бейнежетоны неліктен істемегенін түсіндірді.

- Бейнежетон бар. Сол кезде Талғар ауданы полиция басқармасы ішінде құрылыс жүргізілуіне байланысты барлық аппарат шығарылып тасталған болатын. Сол үшін істемеді, – деді ол.

Сотта келесі болып Талғар ауданы полиция басқармасы рота патрульдік полиция инспекторы Дәурен Құрамысов жауап берді.

Шерзат ісі: сотта оқиға орнына алғаш барған полицейлер куәлік берді
Фото: Видеодан алынған скрин

- Шамамен 00:42-де кезекші бөлімінен қоңырау шалды. Менделеев көшесінде төбелес туралы хабарланды. Біз сол кезде Қонаев көшесінде наркологияда болғанбыз. 7-8 минут аралығында «Қамажай» дүкені алдына келдік. Онда бір топ адам болды. Әрі қарай білгенімізді кезекші бөлімге баяндап, жедел тергеу тобын күттік. Оқиға орнында 4-5 жас бала болды. Мен олардан не болғанын сұрадым. Басынан қан ағып тұрған бала біреу ұрғанын айтты. Басқа үлкен кісілер келіп, «пышақталды», «мылтық атылды» деп айтты және Volkswagen көлігі мен Mercedes көлігі кетіп қалғанын айтты. Біз келгеннен кейін 2-3 минутта жедел жәрдем, одан кейін жедел тергеу тобы келді. Сосын кезекшілік бөлімінен Volkswagen және Mercedes көліктерін ұстау туралы бізге бағыттама болды. Volkswagen көлігін Рысқұлов ауылында көрдік. Оны кезекші бөлімге баяндап, күзетіп отырдық. Сол кезде ер азаматты байқадық. Ол өзін Дархан Әскентай деп таныстырды. Ішімдіктің иісін сездім және бір көзі көгерген болды, – деді ол.

Сонымен қатар прокурор сұрағына жауап берген куәгер «Қамажай» дүкені ішінде Шерзаттың әжесін көргенін есіне алды.

- Дүкен ішіне кірген кезде апа отырды. Ол кісі «балам аман ба» деп сұрады. Мен «балаңыз аман, уайымдамаңыз» деп шығып кеттім. Мен басы жарылған бала деп ойлап қалдым, – деді Дәурен Құрамысов.

Кеше сот отырысында куәгер Эльмира Нұрбекова жауап берді.

Одан кейін екінші куәгер қыз Дана Жақсыгелді оқиға туралы баяндады.

Бұған дейін сотта Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов ол кикілжің қалай басталғанын айтқан еді.

Шерзаттың анасы Гүлбара Бейшембиева да қайғылы оқиға қалай болғанын еске алды.

Еске салайық, прокурор оқиғаның толық хронологиясын баяндады.

Айыпталушылардың көпшілігі кінәні мойындаған жоқ.

Былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жастағы жасөпірім қайтыс болғанын жазған едік.

2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.

2024 жылдың желтоқсан айында Талғар маңында Шерзат Полаттың ағасы өлі табылды.

Биыл ақпан айында Шерзат ісіне қатысты қылмысты тергеу аяқталды. Қылмыстық іс 62 томнан тұрады. Тергеу барысында 40 сот сараптамасы жүргізіліп, шамамен 200 куәгерден жауап алынған

Соңғы жаңалықтар