Шерзат ісіндегі куәгер қыздарға қатысты қайта тергеу бола ма
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Бұл сұраққа Алматы облысының прокуратурасы жауап берді.

Сот үкімімен 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты 9 адам 23 жылдан 1,5 жылға дейін сотталды.
Сондай-ақ істі қараған судья Ержан Жанұзақов оқиға орнында болған Эльмира Нұрбекова, Дана Жақсыгелдіге және сотталғандарға кейін қосылған Юлдаш Рузбакиев, Арлан Қазекеновке қатысты жеке қаулы шығарды.
Осы орайда, агенттік Алматы облысының прокуратурасына сауал жолдап, қаулы бойынша қандай шара қабылданғанын сұрады.
— Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 5 маусымдағы жекеше қаулысы қазіргі уақытта заңды күшіне енген жоқ. Өйткені ҚПК 414-бабына сәйкес сот актісіне тараптармен апелляциялық шағым келтірілген. Қылмыстық іс облыстық сотының өндірісінде. Сондықтан жекеше қаулы заңды күшіне енгеннен кейін процестік шешім қабылданады, — деп хабарлады прокуратурадан.
Еске салайық, былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жастағы Шерзат Полат көз жұмды.
2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.
2024 жылдың желтоқсан айында Талғар маңында Шерзат Полаттың ағасының денесі табылды.
Биыл Нұрқанат Ғайыпбаевтың өліміне қатысты тергеу тоқтатылды.