Шерзат соты: Оқиға бойынша мемлекеттік сараптама қортындысы жарияланды

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Бүгін Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Шерзат Полаттың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша кезекті ашық сот отырысы жалғасып жатыр. 

Шерзат соты: Оқиға бойынша мемлекеттік сараптама қортындысы жарияланды
Фото: видеодан алынған скрин

Отырыс барысында мемлекеттік айыптаушылар сот-медициналық сараптама қорытындысын оқып, марқұм қандай дене жарақатынан көз жұмғанын мәлімдеді. Сондай-ақ сотқа мемлекеттік сот-медицина сараптамашысы шақырылды.

Сараптама жүргізген Мұхит Көшеров – Алматы қалалық сот-медицина сараптама орталығының Талғар бөлімшесінің маманы. Оның айтуынша, марқұмның сол жақ кеуде қуысына енген, шаншыла кесілген жарақат тіркелген. 

– Жара 5 және 6-қабырғалар арасынан еніп, плевра қуысына өтіп, сол жақ өкпенің бөлігін зақымдаған. Жараның сыртқы өлшемі – 2 см, тереңдігі – 12 см. Бағыты арттан алға, солдан оңға және жоғарыдан төменге қарай бағытталған. Сонымен қатар оң көзі астында және оң қолында қанталау, ал, екі қолында, желкесінің сол жағында және оң тізесінде сызаттар анықталды, - деді сарапшы.

Сараптама қорытындысына сәйкес, марқұмның тікелей өліміне сол жақ кеуде қуысына енген жарақат себеп болған. Ол өкпенің зақымдануымен қатар, өкпеқап қуысында 1 500 мл қанның жиналуына әкелген. Қалған жарақаттардың өлімге себеп болмағаны атап өтілді.

Мұхит Көшеровтің айтуынша, егер жедел медициналық көмек дер кезінде көрсетіліп, операция жасалғанда, Шерзат Полатты аман алып қалу мүмкіндігі болған. 

Сот отырысына қосымша сараптама жүргізген тәуелсіз сарапшы Тахир Халимназаров шақырылды. Ол мемлекеттік сот-медициналық сараптаманың қорытындысымен келісетінін мәлімдеді. 

Айта кетейік, осыған дейін Абзал Шынасыл сотталушылардың біреуі Шерзатқа пышақ салғаны жайлы мәлемдеген болатын. 

Пышақты көрдім, бірақ өзімді ғана қорғауға тырыстым. 

Абзал Шынасыл кімді пышақтағанын айтты. 

Айта кетейік, Шерзат Полаттың өлімі бойынша алғашқы сот отырысында прокурор оқиғаның толық хронологиясын баяндады. 

Соңғы жаңалықтар