Шерзат соты: прокурор 7-23 жыл арасында жаза сұрады
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырысында жарыссөз өтіп жатыр.

Іс бойынша айыпталушылар орнында 9 адам отыр. Мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай айыпталушы Абзал Шынасылға 23 жыл, ал Равиль Сәкиевке 20 жыл жаза тағайындауды сұрады. Сотталушылар Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Шыңғыс Белғожаев, Дидар Қалиахметке 7 жыл, Нұрқияс Ілиясовқа өтелмеген жазаны ішінара қосу арқылы түпкілікті 9 жыл, Азамат Тоқтаубаевқа өтелмеген жазаны ішінара қосу арқылы түпкілікті 15 жыл, Думан Ысқаққа 1 жыл 6 ай жаза сұрады.
Айыпталушыларға келесідей айып тағылған:
— Абзал Шынасыл Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 99-бап 2-бөлігі 5, 9, 14-тармақтары (адам өлтіру), 24-бап 3-бөлігі (қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу), 99-бап 2-бөлігі 1, 7, 9 тармақтары.
— Равиль Сәкиев Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 24-бап 3-бөлігі (қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу), 99-бап 2-бөлігі 1, 7, 9-тармақтары (адам өлтіру);
— Шыңғыс Белғожаев, Нұрқияс Ілиясов, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Дидар Қалиахмет, Азамат Тоқтаубаев Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық).
— Азамат Тоқтаубаев Қылмыстық кодекстің 188-бабы 1 бөлігі (бөтеннің мүлкін жымқыру).
— Кәмелетке толмаған Дидар Ысқақ Қылмыстық кодекстің 434-бабы (қылмыс туралы хабарламау) бойынша айып тағылып отыр.
Алғашқы сот отырысында прокурор оқиғаның толық хронологиясын баяндады.
Былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жастағы жасөпірім қайтыс болғанын жазған едік.
2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.
2024 жылдың желтоқсан айында Талғар маңында Шерзат ағасының денесі табылды.